Оңтүстік Корея Қазақстандағы АЭС үшін технология жеткізушісі бола алады

Қазақстанда елдің алғашқы атом электр станциясы үшін ықтимал ядролық технология жеткізушілерімен келіссөздер жалғасуда. Кезекті кездесу Оңтүстік Кореяның KHNP (Korea Hydro & Nuclear Power) компаниясының өкілдерімен өтті, деп хабарлайды Altyn-Orda.kz Атом энергетикасы агенттігіне сілтеме жасап.
Қазақстан мен Корея қандай келісімге келді?
Тараптар атом энергетикасы саласындағы ынтымақтастық мүмкіндіктерін, өндірісті жергіліктендіру, мамандар даярлау және бірлескен жобаларды іске асыру мәселелерін талқылады.
Қазақстан Республикасының Атом энергетикасы агенттігінің басшысы Алмасадам Сәтқалиев KHNP-тің заманауи реакторларды жобалау, салу және пайдалану бойынша мол тәжірибесі бар екенін атап өтті. Ол халықаралық серіктестермен бәсекелестік диалогтың маңыздылығына назар аударды.
Өз кезегінде KHNP бас директоры Чухо Уанг ынтымақтастықты кеңейтуге мүдделі екенін білдіріп, Оңтүстік Кореяның АЭС саласындағы тәжірибесімен бөлісуге дайын екенін жеткізді.
Келіссөздердің соңғы кезеңі
Атом энергетикасы агенттігі KHNP-пен өткен кездесудің ядролық технологиялардың әлеуетті жеткізушілерімен жүргізілген келіссөздердің соңғы кезеңі болғанын мәлімдеді.
Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін «шорт-листке» кірген компаниялар:
-
CNNC (Қытай) – HPR-1000 реакторы,
-
Росатом (Ресей) – ВВЭР-1200 реакторы,
-
KHNP (Оңтүстік Корея) – APR-1000, APR-1400 реакторлары,
-
EDF (Франция) – EPR1200 реакторы.
АЭС қайда салынады?
Ақпан айында алғашқы АЭС-тің салынатын орны бекітілді – ол Алматы облысының Жамбыл ауданында бой көтереді.
Бұған дейін Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев АЭС құрылысының процесін жеделдетуді және бір емес, үш АЭС салу мүмкіндігін қарастыруды тапсырған болатын.
