Орал халықаралық әуежайын Ресей сатып алды
РБК мәліметінше, әуежайдан өз бағытын табатын жолаушылар ағыны жылына 300 мың адамнан асады. Ресейлік холдинг оны транзиттік хаб ретінде дамытуға ниетті екенін былай жеткізіпті:
«Әуежайдың Қазақстанның солтүстік-батысында орналасуы — бізге ыңғайлы. Мұнда транзиттік тасымалдарды жүзеге асыруға және оның базасында өңірлік хаб қалыптастыруға мүмкіндік бар. Жаңа инвестордың келуі және жетекші әуежай компаниясының құзыреттерін енгізу әуе торабын одан әрі дамыту үшін оңтайлы перспективалар тудырады».
Сондай-ақ, компания өкілдері 2022 жылы Орал қаласында жаңа жолаушылар терминалы салынғанын атап өтті. Ендігі құятын инвестициялары, негізінен, арнайы техникаға, тың технологияға және сервистерге бағытталмақ.
Оқырмашға айшықтай отырайық, «Орал «халықаралық әуежайы» ЖШС-ның меншік иелері ресейлік «Ретранс» АҚ, «Орал менеджмент» ЖШС және қазақстандық кәсіпкер Дәулетхан Қилыбаев.
«Уральская неделя» басылымының дерегінше, «Орал менеджмент» ЖШС Сергей Артюгинге тиесілі. Сондай-ақ оның күн энергиясымен айналысатын «Caspian Solar» деген компаниясы да бар. Дәулетхан Қилыбаев Қазақстан даму банкінде, «ҚазАзот» АҚ-да басшылық қызметтер атқарған.
«Аэропорты регионов» басқару компаниясына келейік. Ол Ресей территориясындағы өңірлік әуежайларды басқаруды жүзеге асыратын Ресейдің әуежай холдингі. Қазіргі уақытта холдинг қарамағында келесі әуежайлар бар:
— «Кольцово» әуежайы (Екатеринбург қ.),
— «Курумоч» әуежайы (Самара қ.),
— «Чкалов» әуежайы (Нижний Новгород қ.),
— «Платов» әуежайы (Ростов-на-Дону қ.),
— «Гагарин» әуежайы (Саратов қ.),
— «Елизово» әуежайы (Петропавл қ.-Камчатский),
— «Новый Уренгой» әуежайы (Новый Уренгой қ.),
— «Ремезов» әуежайы (Тобольск қ.).
Басқару компаниясының бас директоры — Евгений Чудновский. Компанияның штаб-пәтері Мәскеуде орналасқан.