Оралдық жас робототехниктер АҚШ-та өткен әлем чемпионатында жүлдегер атанды

Орал қаласының мектеп оқушылары 13–15 маусым аралығында АҚШ-тың Вустер қаласында өткен халықаралық робототехника чемпионаты — WPI Annual FIRST LEGO League Event (WAFFLE) жарысында жүлделі орындарға ие болды, деп хабарлайды Altyn-orda.kz Батыс Қазақстан облысы әкімдігіне сілтеме жасап.
Tidal Tumble командасы 108 елден келген 650-ден астам команданың арасынан озық шығып:
-
«Engineering Excellence Awards» номинациясы бойынша ІІ орынды,
-
«Robot Performance» категориясында VI орынды иеленді.
Байқауға оқушылар өздері дайындаған Agua Aeris жобасын ұсынды — бұл құрылғы ауадан ауызсу алуға мүмкіндік береді. Жас өнертабыс халықаралық қазылар алқасының ерекше қызығушылығын туғызып, қазақстандық оқушылардың жоғары инженерлік дайындығын көрсетті.
Жеңіспен құттықтаған БҚО әкімі Нариман Төреғалиев команда еңбегінің инновацияларды ілгерілетудегі рөлін ерекше атап өтті:
«Сіздердің жетістіктеріңіз — бұл жай ғана жеңіс емес. Бұл бүкіл елдегі құрдастарыңыз үшін үлгі мен шабыт».
Команданың тәлімгері, соңғы жеті жыл бойы өңірде робототехниканы дамытуға үлес қосып жүрген Армат Максотовқа да алғыс айтылды.
Кездесу соңында қатысушыларға алғыс хаттар табысталып, халықаралық аренада жаңа жеңістерге жетулеріне тілектес білдірді .
