Орталық Азиядан делегация. Қазақстан басшысы да Ресейдегі Жеңіс парадына қатысады
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 9 мамырда Ресейде өтетін шеруге қатысады, деп хабарлайды «Адырна» ұлттық порталы. Бұл туралы Қазақстан президентінің баспасөз хатшысы Руслан Желдібай мәлімдеді.
«Президент Тверь облысындағы Ржев мемориалына барып, 100-ші және 101-ші атқыштар дивизияларының құрамында шайқасып, қаза тапқан қазақ жауынгерлерінің рухына тағзым етеді. Ржев шайқасы Ұлы Отан соғысы кезіндегі ең ірі ұрыстардың бірі саналады» деп жазды ол.
Сонымен қатар Мемлекет басшысы Трубино деревнясындағы бауырластар зиратына барады. Онда Президенттің әкесінің ағасы Қасым Болтаев та жерленген. Ржев түбіндегі шайқасқа Қазақстаннан 22 мыңға жуық сарбаз бен офицер қатысты.Қасым-Жомарт Тоқаев 9 мамыр күні Ресей Президенті Владимир Путиннің шақыруымен Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 78 жылдығына арналған парадқа қатысады.
Бұл шараға Ресей тарапы ТМД-ға мүше елдердің басшыларын шақырған.
«Адырна» ұлттық портал