«Осы шенділердің-ақ ақылы тасып тұрады»: Халық 85 000 теңгеге өмір сүре ала ма?

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Олжас Ордабаевтың «Қазақстанда 85 мың теңге жалақымен өмір сүруге болады» деген пікірі көпшілік арасында біраз талқыға түсті. 85 мың теңге қанша уақыт өмір сүруге жетеді? Massaget.kz тілшісі осы тақырыпта сауалнама жүргізіп, сарапшылардың да пікірін де білген еді.

«Әрі кетсе азық-түлікке ғана жетуі мүмкін»…

Әлеуметтанушы Сымбат Қылышеваның айтуынша, 85 мың теңгеге бір ай өмір сүру мүмкін емес.

«Бұл жерде вице-министр жалақыны көтеру мәселесін қарастырып жатқанын айтты. Ақшасы жетпеген соң халық қажеттіліктері үшін банктер мен микрокредиттік ұйымдардан кредит алады. Жалақысының барлығы дерлік соны жабуға жұмсалады. Әсіресе, табысы төмен болғандықтан тек азық-түлікке жұмсайтыны рас. Қарыздан қарызға дейін өмір сүреді. Өңірлерде теңсіздік көп. Жалпы, халықтың әлеуметтік жағдайын сараптайтын болсақ, 85 мыңға бір айға өмір сүру мүмкін емес. Әрі кетсе азық-түлікке ғана жетуі мүмкін. Бірақ киім-кешек, дәрі-дәрмек алуға қаражат қалмайды», — деді әлеуметтанушы.

«Тек 10 күнге ғана жетеді»...

Отыз жылдан бері мектепте кітапханашы болып еңбек ететін Жанат Нусупова вице-министр айтқан жалақы 10 күнге ғана жететінін айтты.

«Халықтың қажеттіліктен бөлек төлейтін кредиті бар. Бұл ақшаға өмір сүру мүмкін емес. Әрі кетсе 10 күнге ғана жетеді. Жалпы, ең төменгі жалақыны 180-200 мыңға жеткізу керек. Жалақымды кредитіме және коммуналдық қызметке төлеймін, одан қалса, азық-түлік аламын. 30 жылдық тәжірибем болса да,  94 мың теңге жалақы аламын. Бұл – өте аз. Кітапханашылар мұғаліммен бірдей еңбек етеміз. Балалардың сұраныстарын тауып беріп, ғылыми жұмыстар жазуына көмектесеміз. Абай-Шәкәрім оқуларына, республикалық байқауларға оқушы дайындаймыз. Тек сабақ бермейтініміз болмаса, оқушылармен тығыз байланыс жасаймыз. Бірақ жалақымыз соған сай емес», — деді кітапханашы.

«85 мың теңге бір айға мүлдем аз»…

Депутат Сұңғат Ханаев бір айда 150-200 мың теңге аралығында қаражат жұмсайды екен.

«Бұл пікірмен келіспеймін. Оның себебі көп. Мәселен, азық-түлік бағасының қымбаттауы, киім-кешек, коммуналдық қызметтің өсуі, көлігі бар адамдар үшін бензин бағасының артуы, жолақының қымбаттауы, т.б. Толық өмір сүру үшін 150 мың теңге бір адамға жетеді. Қазақстанға қазіргі таңда орташа сома 100-150 мың теңге керек деп ойлаймын. Өзім кейде 100-150 мың, 150-200 мың аралығында өмір сүремін. Бұл енді әркімнің өмір сүру салты, отбасына байланысты ғой. Дегенмен, 85 мың теңге бір айға мүлдем аз деп есептеймін», — деді депутат.

Осы мәселеге орай әлеуметтік желідегі парақшаларымызда да сауалнама жүргізіп көрген едік. Сауалнамаға 700-ге жуық адам қатысты. Оның ішінде 6 пайызы «өмір сүруге болады» деп жауап берсе, 94 пайызы қарсы пікір білдірген.