Өзбекстан Гүлнара Каримоваға тиесілі 95 млн доллар активтерді Швейцариядан қайтарып алды

Қаражат әлеуметтік бағдарламаларға жұмсалмақ

Өзбекстан Швейцариядан алғашқы транш ретінде 95 миллион доллар алды — бұл елдің тұңғыш президентінің қызы Гүлнара Каримоваға қатысты іске байланысты мұздатылған активтердің бір бөлігі. Бұл туралы Altyn-orda.kz мәліметінше, экономика және қаржы министрінің орынбасары Отабек Фазилкаримов хабарлады.

Жалпы сомасы 131 миллион долларды құрайтын қаражат қайтарылғаны белгілі болды

. Бұл қаражатты қайтару Өзбекстанның Әділет министрлігі мен Швейцария билігі арасында 2022 жылғы тамызда қол қойылған келісім аясында жүзеге асырылуда. 2025 жылғы ақпанда қосымша 182 миллион долларды қайтару туралы тағы бір келісімге қол қойылды.

Фазилкаримовтың айтуынша, алынған қаражат қайтарылған активтерді ашық әрі мақсатты бөлуге арналған Uzbekistan Vision 2030 трасттық қорының шотына түсті.

Бұл қаражат ең алдымен ел ішіндегі әлеуметтік жобаларды жүзеге асыруға бағытталады.

24 сәуірде өткен баспасөз конференциясында Швейцарияның Өзбекстандағы елшісі Константин Оболенский де сөз сөйледі.

Ол қалған активтерді қайтару рәсімі туралы айтты:

«Келесі транш ресурстарды бөлуге арналған жаңа стратегия бекітілгеннен кейін жіберіледі. Қазіргі уақытта қаражат Швейцария үкіметінің шотында сақтаулы және пайыз әкеліп жатыр — бұл табыс та жобаларды қаржыландыруға жұмсалады», — деп түсіндірді дипломат.

Презентация барысында қаржыландырудың алғашқы бағыттары таныстырылды.

Атап айтқанда, БҰҰ-ның Өзбекстандағы ана мен нәресте өлімін азайту жөніндегі бағдарламасын қолдауға 43,5 миллион доллар бөлінгені белгілі болды.