Өзбекстанда жасанды интеллект екі мыңнан астам шенеуніктің орнын алмастырады

Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев мемлекеттік басқару жүйесін ауқымды цифрландыру жөніндегі жарлыққа қол қойды. Құжатқа сәйкес, атқарушы билік органдарында 2141 қызметтік бірлік қысқартылмақ, деп хабарлайды Altyn-orda.kz.

«Басқарушылық штаттық бірліктер санын цифрландыру есебінен оңтайландыру шаралары туралы» атты құжат мемлекеттік қызметкерлердің бір бөлігі атқаратын функцияларды жасанды интеллект жүйелеріне беру көзделгенін атап өтеді.

Ең көп қысқарту Салық комитетінде (–498 орын), Су шаруашылығы министрлігінде (–224), Ауыл шаруашылығы министрлігінде (–200) және Әділет министрлігінде (–197) жүргізіледі. Сондай-ақ экология мен жұмыспен қамту саласындағы ведомстволарда да штат саны азаяды.

Құжатқа сәйкес, жасанды интеллект технологиялары есеп беруді, құжат айналымын және талдамалық жұмысты автоматтандыру үшін қолданылатын болады.

Билік өкілдері реформаның мақсаты – мемлекеттік аппараттың тиімділігін арттыру, бюрократияны азайту және шешім қабылдау үдерісін жеделдету екенін атап өтті.