«Патриотсымақтар көбейіп кетті»: Путинді қолдағаны үшін партиядан қуылған экс-депутат ресейлік арнаға сұхбат берді
Ресей президенті Владимир Путин мен Украинадағы соғысты қолдайтынын айтқаны үшін «Ақ жол» партиясынан шығарылған депутат Азамат Әбілдаев ресейлік Соловьёв Live арнасына сұхбат берді. Сұхбат барысында экс-депутат өзін партиядан қалай шығарғанын түсіндіріп, Қазақстан билігінде пастриотсымақтардың көбейіп кеткенін айтады, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Әбілдаев өзінің «Ақ жол» партиясының құрамында 10 жылдан астам уақыт болғанын айтады. Айтуынша, соңғы үш-үш жарым жылда отбасылық жағдайына байланысты ауылында болған. Және кейін қайта келгенінде осы жылдың ішінде партияда көп нәрсенің өзгергенін түсінген.
«Көптеген филиалдардың директорлары орындарынан кетіп, олардың орнына нағыз патриоттар, әлбетте патриотсымақтар келген. Біздің арамызда әр түрлі мәлімдемелер бойынша үнемі қайшылықтар болатын», — дейді экс-депутат.
Ол партия басшысы Азат Перуашевтің өзіне «сенің көзқарасың біздің көзқараспен сай емес» деп айтқанын және өзінің бұған қатты таңқалғанын сөз етеді. Әбілтаевтың сөзінше, ұлтық кеңестегі талқылауда 40 депутаттың ішінен өзін тек бір әйелдің ғана жақтаған.
Депутатпен сұхбаттасқан ресейлік журналист Сергей Карнаухов Қазақстан билігінің көзқарасы шынымен де антиресейлік пе әлде бұл жай қорқыныш деп сұрайды.