Песков: Ресей тым жауапты ел, дүниежүзілік соғыс бастамайды

 

   фото ria.ru

Ресей президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков Мәскеу ешқашан Үшінші дүниежүзілік соғысқа жол бермейтіндерін  мәлімдеді  деп хабарлайды Altyn-orda.kz

Оның айтуынша, Ресей — ауқымы үлкен әрі жауапкершілігі жоғары мемлекет.

Сондықтан Мәскеу соғысқа жол ашатын қадам жасамайды.

Песков Ресейдің тарихи тәжірибесінде , елдің әлемдік қақтығыстарды өзі бастамағанын, бірақ өзіне қарсы басталған соғыстарда соңына дейін барғанын айтты.

Сонымен бірге Кремль өкілі ядролық қаруға қатысты Ресейдің ұстанымы өзгермегенін жеткізді. Оның сөзінше, егер Ресей мемлекетінің өмір сүруіне тікелей қауіп төнсе, ядролық қару қолданылуы мүмкін.

Ал мұндай қауіп болмаса, ядролық қаруды қолдану туралы әңгіме қозғалмайды.

Песков АҚШ пен Батыс елдері мұндай қақтығыстың салдары қандай болатынын жақсы түсінеді деп санайды. Оның айтуынша, қазіргі жағдайда тараптар ядролық риториканың қаншалықты қауіпті екенін ұғынуы тиіс.

Бұл мәлімдеме Украинадағы соғыс пен Ресей мен Батыс арасындағы шиеленіс күшейіп тұрған шақта жасалды.

Бұған дейін Песков Украинадағы «арнайы әскери операцияның» Батыстың Киевке әскери қолдау көрсетуіне байланысты «нағыз соғысқа» айналғанын айтқан еді.

Сарапшылардың пікірінше, Кремльдің мұндай мәлімдемелері бір жағынан Батысқа ескерту ретінде айтылса, екінші жағынан Мәскеудің өзін жауапты ядролық держава ретінде көрсетуге тырысқанын байқатады.

Дегенмен Ресей мен Батыс арасындағы сенім дағдарысы сақталып отыр, ал Украинадағы соғыс жаһандық қауіпсіздікке ең үлкен қатерлердің бірі болып қала береді.