Полиция – еліміздегі жезөкшелердің «крышасы»: Белгілі заңгер ІІМ басшысының отставкаға кетуін талап етті
Белгілі заңгер, қоғам белсендісі Айгүл Орынбек facebook-парақшасында жазба жариялап, еліміздегі притондар мен жасөспірім қыздардың тәнін саудалайтындардың «крышасы» прокуратура мен полиция өкілдері екенін айтты, деп жазды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Дүние жүзі «қыздар тәні» саудасын тоқтата алмай отыр!
Қазір жасөспірім қыздардың тәндері басым сұранысқа ие… Өкінішке қарай, біздің ел де әлемнен қалыс қалып жатқан жоқ!
Елдің алдында жүрген құқыққорғаушы ретінде дабыл қағып, бұл қылмыспен күресіп-ақ келеміз! Бірақ, мына сыбайластық пен жемқорлық жайлаған жүйеге қарсы шығу — оңай емес!
Қазақстанда притондар мен жасөспірімдердің тәнін саудалайтындардың «крышасы» сол — ПОЛИЦИЯ мен ПРОКУРАТУРА!
Бұндай қылмыстарды, әрине, олар өз қолдарымен істемейді… Бұл — үлкен ұйымдасқан қылмыстық топ! Тіпті, халықаралық деңгей-дәрежелі «статусқа» көтеріліп кеткенін де жасыра алмаймыз…
Қыздарды қыздардың қолымен ұрып-соғып, жезөкшелікке салу, қасақана мәжбүрлеу, әрине, бұның артында ПОЛИЦИЯ тұр… — деді қоғам белсендісі.
Оның айтуынша, полиция басшылары өздерінің жанына бандиттер мен бопсалаушы әйелдерді ұстайды.
Әйтпесе, кешегі Алматыдағы қыз осы уақытқа дейін қалайша талтаңдап жүр?! Қалайша ашықтан-ашық саудаласып, заңнан да аттап, жарнамаларын да жасырмай «айқайлатып» шығарып жүр?!
Бүгінде полициядағы басшылар қастарында бандиттер мен бопсалаушы алаяқ әйелдерді ұстайды. Яғни, өзгелердің қолымен қылмыс жасап, сол қылмыстардың артында өздері «үлес» қосып, соңында қылмыстың «жабылуына» ықпал етіп отыр!
ЯҒНИ: Жеңгетайлар өздерінің қамалмайтынын біледі. Себебі, қәзір оларды көшедегі бандиттер емес, «формадағы рэкеттер» басқарып, «крышовать» етеді!
Құзырлы органдардың іштен «іріп-шіріп» жатқанын зерделеп жүрген құқыққорғаушы ретінде менің оған бір емес, бірнеше рет көзім жеткен! Тіпті, қолымда айғақ-дәлелдерім де жетерлік…
Он сегіз жасқа толмаған қыздармен формадағылардың өздері «рахаттанып» демалып, «қызмет ақысын» төлемей тепкілеп, ұрып-соғып кеткендерді де білем. Бізде тек төменгі орындаушылар ғана ұсталып, қамалады ғой?! Ал олардың «шыңында» отырған формадағы бастықтар ешқашан жазасын алмайды! «Крышовать» еткені үшін ПАРА алып отырғандар, жоғарыға ПАРА беріп құтылып кететіні — өкінішті! – дейді заңгер.
Айгүл Орынбектің жазуынша, ащы болса да ақиқат осы, ал бұл шындықты бәрі көріп, біліп отырса да үнсіз!
Себебі, бәрі бұл қылмыстың, анығырық айтсам, ПОЛИЦИЯ «бизнесінің» тамырлап кеткенін жақсы біледі… Күрескеннен түк шықпайды деп үміттерін де үзген!
Алысқа бармай-ақ, таяуда ғана Шымкент Полиция департаментінің бүтін бір Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының басшы құрамы (УБОП) әлгі «массаж салонынан» миллиондап пара алып, өздерінің қылмыс ұйымдастырғаны — мына жазбамның дәлел-тұжырымы емес пе? Әйтпесе, «массаж жасаушыларды» полицияның өзі «крышовать» етіп, пара алып отырғанын қалай ақтап алуға болады? – деп жазды ол.
Осылай деген құқық қорғаушы ІІМ басшысының отставкаға кетуін талап етті.
Министр Марат Ахметжанов мырза, Шымкенттегі, жалпы еліміздегі өрши түскен бұл ахуалды қалай түсіндіресіз?
Министр ғана емес, Қазақстанның азаматы, адам ретінде шындыққа тура қараңызшы…!
Осыдан кейін, полиция, әсіресе, олардың білдей ГЕНЕРАЛ бастықтары нандарын адал жеп отыр деп Елдің алдында ашық айта аласыз ба?
Сондықтан, Сізден кері байланысты НАҒЫЗ ОФИЦЕРГЕ тән қадамыңыз — өз еркіңізбен ОТСТАВКАҒА кетуіңіз арқылы ғана күтеміз!
Ахметжанов мырза, Жаңа Қазақстан үшін, Әділетті Қазақстан үшін, жастардың болашағы үшін кетіңіз! Орынды босатыңыз! – деді Айгүл Орынбек.