Президент қарлы боранда халыққа көмектескен азаматтарды мемлекеттік марапатқа ұсынды
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің бірқатар облысындағы қолайсыз ауа райы кезінде жанқиярлықпен қызмет еткендердің бәріне шын жүректен алғыс айтып, жылы лебізін білдірді, деп хабарлайды Altyn-orda.kz Azattyq Ruhy на сілтеме жасай отырып
Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.
«Жуырда еліміздің бірқатар өңірінде табиғат тосын мінез танытып, жағдай қиындаған кезде жергілікті атқарушы биліктің, Төтенше жағдайлар министрлігінің және құқық қорғау органдарының қызметкерлері, медицина мамандары, коммуналдық қызмет пен автомобиль жолдарының жұмысын қамтамасыз ету саласының өкілдері, сондай-ақ басқа да азаматтар халықтың қамы үшін жанқиярлықпен еңбек етті», — деп атап өтті Президент.
Еңбегі ерен бір топ азамат мемлекеттік наградаға ұсынылды.
Еске салсақ бұған дейін Ақтөбе облысында ТЖМ өңірдегі құтқару жұмыстары кезінде 161 адам құтқарылғанын мәлімдеген болатын. Сондай-ақ боранды күні жаяу қар кешіп шақыруға шыққан фельдшерлер марапатталды. Ал бүгін Абай облысының Аягөз ауданында құтқарушылардың қарлы боранда мал іздеуге шығып жоғалып кеткен 8 жасар баланы аман-есен тапқаны белгілі болды.