Президент Қасым-Жомарт Тоқаев пен Украина Президенті Владимир Зеленский телефон арқылы байланысқа шықты

Украина тарапының бастамасымен Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Украина Президенті Владимир Зеленский арасында телефон арқылы сөйлесу болды .

Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстан халқының украин халқына, оның тарихына, мәдениетіне, тіліне шынайы құрметпен қарайтынын атап өтті, деп хабарлайды Altyn-orda.kz Ақордаға сілтеме жасап.

Ол Қазақстанның Украинада халықаралық құқық принциптері негізінде берік бейбітшілік орнатуға мүдделі екенін растады.

Атап айтқанда, Президент Астананың бастапқыдан-ақ әділ негіздегі бейбітшілік формуласын бірлесіп іздеуді жақтайтынын, БҰҰ Жарғысын, тәуелсіз мемлекеттердің шекараларының мызғымастығын және олардың аумақтық тұтастығын сақтау қажеттігін дәйекті түрде қолдап келе жатқанын еске салды.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың пікірінше, қазіргі аса күрделі жағдайда қақтығысты шешуге байыпты әрі рационалды түрде келу маңызды, бұл ретте украин мемлекеттілігін сақтау мен қорғау қамтамасыз етілуі керек. Ол барлық тараптардың көне даналыққа сай әрекет етуі қажет екенін айтты

Мемлекет басшысы аумақтық мәселенің күрделілігін толық түсінетінін, оның халықаралық қатынастардағы ең қиын түйіндердің бірі екенін және көбіне бейбіт келісімге, тіпті бітімге келуге кедергі болатынын атап өтті. Дегенмен қазіргі басты басымдық – Украина мемлекеттілігін мызғымас халықаралық қауіпсіздік кепілдіктері негізінде сақтау.

Сондай-ақ Қазақстанның Украинамен өзара қызығушылық тудыратын түрлі салада белсенді ынтымақтастықты жалғастыруға ниетті екені айтылды.