Пропаганданың құбылған бейнесі. ҚазССР туымен марш өткізген жастар өздерін “марксист” атайды
Алматы көшесінде бір топ жасөспірім КСРО-ға тән жалауларды желбіретіп, коммунистік кезеңнің символдарымен жарқырата шеру өткізді. Adyrna.kz тілшісі шерушілердің жанына барып бұл әрекеттің мән-жайын нақтылады.
Бүгін өз сенімдері мен ұстанымдағына «асқан адал» бір топ жасөспірім Алматы көшелерінде орақ пен балға бедерленген қызыл жалауды желбіретіп өтті.
Олар журналистің қазақша қойған сауалын о баста түсіне алмағаны байқатты. Кейіннен портал журналисіне топтың ішіндегі әскер киім киген жасөспірім азамат жауап береді.
Жастар Алматыдағы «алабөтен» шерудің мақсатын ол былай түсіндіреді:
— Шерудің мақсаты — Жеңіс күнін еске алу. Өзіміз жиналдық. — Көріп тұрғандарыңыздай, біздің қолымызда Ресей Федерациясының туы жоқ. Бұл — Жеңістің және ҚазАССР-дың байрағы.
Сонымен қатар, журналист сауалдарына жауап беріп тұрған жастар өздерін «марксист» атап, әрекетінен еш сөкеттік көрмейтінін танытады.
“Жаңа марксшілдердің” мақсаты
Жастардың айтуынша, олардың жұдырықтай жұмылып, «бір жағадан бас, бір жеңнен қол» шығаруына себеп болған ұлттық идеология емес, Карл Маркстің «Капиталы». Өздерін неомарксист санайтын жасөспірімдер экономика, тарих, философияны тану жолында тізе біріктірген.
Енді әлемдегі неомарксистік ағым жайлы зерттеп көрейік. Неомарксизм — әлеуметтік-философиялық ағым. К. Маркстен бастау алып, марксизм идеясына қайта оралуға үндейтін философия ұғымы. Жастардың сөзіне зер салсақ, оларды капитал, экономика процестері қызықтыратынын байқауға болады.
Жүйеге қарсы жаңашылдар…
Жастар журналиске өз ұйымының атауын да айтқан. Олар құрған ұйымның атауы — «Перспектива».
— Біздің ұйымның парақшасы кез келген әлеуметтік желіде бар. Атауы — «Перспектива», — деп жауап береді ішіндегі бір азамат.
Интернет беттерінде аталмыш ұйымға қатысты деректерді тізбектеп көрдік. «Перспективаның” тик-ток қосымшасындағы парақшасына 8404-нан [09.05.2023 күні] астам адам жазылған. Парақшада халықаралық жаңалықтар, «Жаңа Қазақстанның» проблемалары, ұлттық тарих, КСРО кезіндегі «Наурыз» мейрамының қайта тойлануы, осы жылдың көктемдегі су тасқыны мәселесі мен сайлау сынды тақырыптар сөз болады.
Жастар бір контентте Қазақстандағы ағартушылық саясатын сөз қылып, тарихына тоқталған. Біз тыңдап көргенде мынандай деректер келтіреді. Елімізде революцияға дейін бір де бір жоғарғы оқу орны болмағанын айтады.
— Революцияға дейін [Қазақстанда] бірде-бір жоғарғы оқу орны болмаған. Тек 1928 жылы Қазақ мемлекеттік университеті ашылды. Екі жыл өткеннен кейін оқу орны педагогикалық университет болып ауысты, 1935 жылы оған «Абай» атауы берілді. Кеңес Одағының сойқан саясаты сондық жаман болғаны ма? Адамдарды оқытады, тоқытады, оқу орындарын қазақ әдебиеті мен мәдениетіне сүбелі үлес қосқан тұлғалардың атауымен атайды, — дейді.
Зерттеушілер қазақ даласындағы Мамания мектебін зерттемегені аңдалады.
Кезекті бір контентте Сталин кезеңіндегі жетістіктер сөз етіледі. Тарих толқынына бір жақты назар салған неомарксистер социалистік идеяның артықшылықтарын айтуға тырысқан. КСРО кезіндегі қазақ тілінің «гүлденуін» дәлелдемек болып, барлық жетістіктерді социалистік жүйеге теледі. АҚШ саясаты мен капитализмді айыптайды.
Бір қызығы, парақша авторлары тәуелсіз Қазақстан кезінде жазылған тарихтың бірқатар деректерін жоққа шығаруға тырысқан. Ұлттық тарих аштық, қазақ тілінің шын жағдайын бұрмалағанын хабарлайды. Желі қолданушыларының «КСРО кезеңінің қайта оралуды қалайсыздар ма?» деген сауалын өздерінің Кеңес одағын көксемейтіндіктермен түсіндіреді. Парақшада капитализнің кемшіліктерін теріп, коммунистік жүйенің артықшылықтарын көрсетіп отырады.
Пропаганданың өршитін шағы
Негізінен алғанда, Екінші дүниежүзілік соғыстың аяқталғанына арналған салтанатты жиында, Жеңіс күнінде, КСРО символизмдері кеңінен насихат алатыны жасырын емес. Қызыл жалау мен Георгиев ленталары соның айқын дәлелі. Бүгін Алматы қаласында Георгиев лентасының «жауған күні» болды. Бұл жайлы «Азаттық» радиосының репортері Петр Троценко өзінің фейсбук парақшасында жазды.
— Алматының Панфиловшылар паркінде халық қарасы қалың. Георгиев лентасы жетіп артылады, ардагерлер портеттері, әскери бас киім киген балалар… Жеңілмейтін полк құдды біздің қарсы алдымыздан шыққандай, — дейді журналист.
Орайы келгенде айта кетейік, бүгін Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Кремьдегі салтанатты жиынға қатысты. Ақорда таратқан фотосуреттерде Тоқаевтың Георгиевка лентасын төсіне тақпағаны анық шыққан. Дегенмен, мемлекеттік идеологияға сай безендірілген «төл туындымызды» да байқай алмадық. Ал Өзбекстан президенті өздерінің ұлттық саясатына негізделіп дайындалған лентаны төсіне қадаған.
Қазақстанда Жеңіс күніне орай қызыл жалауды желбіретіп, астыртын КСРО кезеңіне бет бұрғысы келетіндердің оқтын-оқтын төбе көрсетіп отыруы әдетке айналғандай. Кеше Алматыда КСРО туын ұстап, «жеңіс күнін тойлатқандардың» видеосы тарады. Видео кәсіпкер Ықылас Тұрсынбектің Tik tok парақшасында жарияланды.
Видео авторы КСРО туын ұстап жүрген орыс азаматтарын байқап, олардан не істеп жатқандарын сұрайды. Сынға алған жігітке олар автоклубпен Жеңіс күніне орай фотосессия жасауға келгендерін айтады. «Бұл нағыз тәуелсіздігімізді мойындамау» деп пікір білдіріп, КСРО туымен қоса Қазақстан туын қатар алып жүруді талап еткен азаматқа олар ашу шақырып, ызаға долы қалыпта:
«Біз міндетті емеспіз. Не істейтінімізді өзіміз білеміз. Міне сендердің туларың, Тәуелсіздік күнінде ұстап түскенбіз», — деп жауап береді.
Бастан өткен оқиға қоғам назарын өзіне аударды. Желі қолданушыларының ауқымды бөлігі «сендердің туларың» дегендеріне наразылығын білдіріп, «мемлекеттік және ұлттық идеология жоқ» деген қорытындыға келді.
Құзырлы мекемелер қызыл туды көк аспанда желбірете фотосессия жүргізгендерге әлі ресми түсінік берген жоқ.
«Адырна» ұлттық порталы