Психологтар оқушылардың ата-аналарымен кездесу өткізді

Елордадағы Шәкәрім атындағы №56 мектеп-лицейінде 8-11 сынып оқушыларының ата-аналарына арналған тәжірибелі психологтармен кездесу өтті.

«Jarqyn bolashaq» жобасы аясында ұйымдастырылған жиналыс барысында психологтар лудоманияны емдеу, алаяқтыққа қарсы күрес, қандай да бір нәрсеге тәуелділіктің алдын алу шаралары, оқушы балалармен әңгімелесе алу, оларға уақытын дұрыс жоспарлай алуына көмектесу туралы ақпарат айтты. Ал медицина саласының мамандары адам папиллома вирусы жөнінде және оған қарсы екпе егуге қатысты мәлімет берді.

 

Жалпы, аталған мектепте қоғамда орын алып жатқан бала тәрбиесіндегі мәселелер үнемі ата-аналар жиналысында талқыланып тұрады. Шәкәрім атындағы №56 мектеп-лицейі директорының тәрбие жөніндегі орынбасары Назгүл Бекетованың айтуынша, бұл жолғы жиналыстың ерекшелігі әрі мақсаты — оқу жылының бірінші тоқсанының қорытындысы бойынша оқушылардың білім сапасы жөнінде ата-аналармен кері байланыс орнату, оқушыларды қосымша біліммен қамту. Өйткені биылғы оқу жылында үйірмелерге ешбір мектепте сағат берілмейді. Бұрын тегін сағат берілген. Қазір бұл мектепте шаруашылықты жүргізу құқығы болғандықтан, ақылы үйірме ашуға құқығымыз бар деп отыр Назгүл Бекетова.

«Бізде дебат клубы, домбыра үйірмесі бар және волейбол, баскетбол, шахмат, асық ату, футбол сияқты спортық секциялардың барлығы тегін. Спорттық ойындарға қатысатын бала саны өте көп. Өйткені оқушылардың энергиясы тасып тұрған шақ, сондықтан біз сол энергияны дұрыс бағытта жұмсауына қолғабыс етеміз», — дейді Шәкәрім атындағы №56 мектеп-лицейі директорының тәрбие жөніндегі орынбасары.

Жиналыс кезінде ата-аналар балаларының жан-жақты шығармашылық дамуына септігін тигізетін үйірме түрлеріне және оның төлемақысының қандай болатынына қызығушылық танытты, сонымен қатар баланы қолөнерге, тігін тігуге, ас әзірлеуге үйрететін сабаққа да сұраныс болды.

Бұдан бөлек, алдағы уақытта мектепте қандай бағытта жұмыстар жүргізілетіні, қай сыныптарда білім сапасы артты немесе төмендеді, оның себебі неде деген сұрақтардың жауабы айтылды.

«Мысалы, орта буынға жаңадан келген 5-ші сынып оқушыларында екі тоқсан бойы бейімделу кезеңі, біз соған мүмкіндік туғызып жатырмыз. Олар орта буынға келгенде міндетті түрде бағалары түседі. Бұл зерттелген. Алайда бастауыш сынып оқушыларының ата-аналарында бағаға деген тәуелділік болғандықтан, баласы орта буынға келгеннен кейін олар кейбір кездерде пән мұғалімдерімен, сынып жетекшілерімен келіспеу әрі дауласу жағдайына да жетіп жатады. Ал бағаның өзгеруіне бірнеше фактор әсер етеді. Сондықтан көп жағдайда ата-анаға баласының қалай оқитынын және сабаққа қалай қатысатынын, ойын қаншалықты ашық айтатынын қадағалай алуына мүмкіндік беру үшін ол кісілерді сабақтарға қатыстырамыз. Бұл кезекте мектеп психологы, директордың тәрбие жөніндегі орынбасарлары, сынып жетекшілері бірлескен жұмыстар атқарамыз», — дейді Шәкәрім атындағы №56 мектеп-лицейі директорының тәрбие жөніндегі орынбасары Назгүл Бекетова.

Оның сөзінше, мектеп ұжымы қауіпсіздік мәселесін де назардан тыс қалдырмайды. Буллинг, бопсалау, түнгі уақытта оқушылардың ата-ананың қарауынсыз көшеде жүруі сияқты қоғамда болып жатқан түрлі жағдайлар ата-аналар жиналысында жиі қаралып тұрады.