Путин Ресеймен мәдени байланысты дамытқан үш қазақстандыққа медаль тақты

Ресей мен Қазақстан арасындағы мәдени ынтымақтастықты дамытқаны үшін үш қазақстандық Пушкин медалімен марапатталды. Ресей президенті Владимир Путин марапаттау туралы жарлыққа қол қойды. Бұл туралы Altyn-orda.kz Stan.kz ақпарат агенттігіне сілтеме жасап хабарлайды.
Павлодар, Орал және Шымкент қаласының тұрғындары Ресейдің мемлекеттік наградасы – Пушкин медалімен марапатталды. Путиннің үкімінде үш отандасымыздың Ресей мен Қазақстан арасындағы мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты дамытуға сіңірген еңбегі туралы айтылған.
Ольга Григорьева — Павлодардағы «Славян мәдени орталығы» қоғамдық бірлестігі жанындағы А.И. Цветаева музейінің директоры;
Геннадий Мухин — «Старый Уральскъ» қоғамдық мәдени-ағартушылық қорының директоры;
Наталья Романова — Шымкент қаласындағы «А.С. Пушкин атындағы қалалық кітапхананың» директоры.
“Ольга Николаевнаны, Геннадий Леонидовичті және Наталья Сергеевнаны шын жүректен құттықтаймыз! Өлшеусіз көпжылдық еңбектері, мәдени және тарихи мұраны зерттеу мен сақтауға қосқан зор үлестері, сондай-ақ Ресей мен Қазақстан халықтарының жақындасуы мен достығына сіңірген еңбектері үшін шынайы алғысымызды білдіреміз”, – деп мәлімдеді Ресей Федерациясының Алматыдағы бас елшілігі.
Фото: Фонд “Русский мир”
Пушкин медалі 1999 жылы Путиннің жарлығымен бекітілген. Бұл марапат шетел азаматтарына Ресеймен мәдени байланыстарды дамытуға, орыс мәдениетін қолдауға, сондай-ақ шетелде орыс тілі мен әдебиетін насихаттауға қосқан үлесі үшін беріледі.
