«QAZAQ ARMANY» деген жаңа саяси партия құру туралы шешім қабылдадым» — Ауыт Мұқибек

 

 

Ардақты Алаш жұрты!
Құрметті Ұлы көшке мүдделі қауым!
Сіздерді қайта жаңғыртылған «Республика күні» мерекесімен шын жүректен құттықтаймын.

Бүгін – менің тарихи Отаным Қазақстан Республикасына оралғаныма 24 жыл! 1998 жылы 24 қазанда жездем Демеухан Бақытнұр мен Оразхан Гүлбаданның шақыруымен қасиетті Қазақстан топырағына тұңғыш рет табаным тиген болатын.

Сол 24-жылдың алғашқы он екі жылы Алматыда, қазақтың аса көрнеті ақыны Тұманбай Молдағалиевтың жанында өтті.

Ал, соңғы он екі жылда Астанада, Ақорданың түбінде Көші-қон саясатымен тынбай айналысып, аталған салаға қатысты заңдар мен нормативтік құжаттарды уақыт талабына сай жетілдіре түсуге барымды салып келемін.

Көші-қон – Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев Тәуелсіздіктің таңы атар-атпас елең-алаң шақтан бастап негізін қалаған; қазіргі Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев жалғастырып келе жатқан – Ұлы саясат!
Ұлы көштің арқасында, 1 млн 101,2 мың этникалық қазақ Отанымызға оралды. Әлі алты миллион қазақ шекара сыртында қалып отыр.

Соңғы он бес жылдың көлемінде Ұлы көш ішкі және сыртқы күштердің сан мәрте алуан түрлі кедергісіне тап болып, бұрын-соңды болмаған зор тоқыруға ұшырады. 

Ол аз болғандай, Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың Көші-қон саясаты жөніндегі берген нұсқаулары мен тапсымалары Үкімет тарапынан мүлде орындалып жатқан жоқ. 

Оның дәлелі — 2022 жылы 5 қыркүйекте Үкімет жариялаған «Қазақстан Республикасы көші-қон саясатының 2023 — 2027 жылдарға арналған тұжырымдамасы».
Қысқасы, Ұлы көш тоқтап қалудың аз-ақ алдында тұр!

Ардақты Алаш жұрты!
Құрметті Ұлы көшке мүдделі қауым!

Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев Ел тізгінін қолға ала салып берген сұхбатында, «Шетелдегі қандастарымызды елге қайтару ісі ешқашан назардан тыс қалған емес, қалмайды да. Дүниежүзіндегі қандастарымыздың басын туған жерде біріктіру – біздің қасиетті парызымыз» — деген болатын.

Ендеше, Ұлы көштің болашақ тағдырын ескере отырып, Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ұлы мұратын өз деңгейінде жүзеге асыруын қолдау мақсатында, бүгін «QAZAQ ARMANY» деген жаңа саяси партия құру туралы шешім қабылдадым!

Алты құрлықта жүрген Алты Алаштың баласы, «Шет жұртта қазақ қалмасын!» ұраны астында бір партия болып бірігейік!!!

Ауыт Мұқибектің  facebook парақшасынан  
 

 
 
sn.kz ақпараттық порталы