Ресей қазақ астығын Ираннан ығыстырды

Бүгінгі таңда бұл елге жеткізілім іс жүзінде тоқтап қалды. Бұл туралы Қазақстан астық одағы сауда комитетінің басшысы Александр Малов мәлімдеді, деп жазады inbusiness.kz eldala.kz порталына сілтеме жасап.

Бір жағынан отандық трейдерлер санкцияға ұшыраған Иранмен есеп айырысуды жүргізе алмаса, екіншіден ресейлік астық өте төмен бағамен ол елге белсенді түрде кіреді, деді ол.

«Ресейлік арпа Иранға біздің валютамызға шаққанда тоннасы үшін 55 мың теңге бағамен келеді. Біз мұндай бағаны ұсына алмаймыз, ішкі нарықта арпа әлдеқайда қымбат», — деді ҚАО сауда комитетінің басшысы елордада өткен дөңгелек үстелде.

Александр Маловтың сөзінше, бидай бойынша да осыған ұқсас жағдай қалыптасты. Одан бөлек арпаны қайда сатуға болады деген сұрақ туындайды. Оның үстіне Иран бағытында жұмыс істеген Ақтау теңіз порты бос қалған.

«Қазір порттың қуаты 15%-ға жүктелген және жағдайды жақсарту перспективалары көрінбейді», — деді спикер.

Қазақстан астық одағының мәліметінше, Қырғызстан ЕАЭО-ға кіргенге дейін Қазақстан бұл елдің астықтың барлық түріне деген қажеттілігінің 90% жауып отырған. Алайда бүгінде арзан ресейлік астық қазақстандық астықты Қырғызстаннан толығымен ығыстырды.