“Ресейден бөлінеміз!”: Башқұртстан бас көтерді

Башқұртстан бас көтерді. Олар Ресейден бөлінбек. Бұл туралы журналист Нұргелді Әбдіғани Facebook парақшасында жазды, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы.

«Өткен жылы әлемде ұлы, батыр халық пайда болды. Ол – Украина халқы», — дейді Башқұрт ұлттық саяси орталығының жетекшісі Руслан Габбасов.

Оның айтуынша, Украина халқы Ресей басқыншылығынан тек өздерін ғана құтқарып қойған жоқ, олар өзге де боданға түскен халықтардың бойына күш-жігер дарытты.

«Осыдан жыл бұрын «орыс әлемі» өлім дәнін себуші, зұлымдық пен қанпезерліктің нақ көрсеткіші екенін дәлелдеп берді. «Орыс әлемінде» бізді тек қана өлім күтіп тұр. Оның өздері көрсетіп отыр», — дейді ол.

Башқұрт ұлттық қозғалысының жетекшісінің сөзінше, соғыс басталғаннан бері Башқұртстан өз тәуелсіздігі үшін күресу керек екенін, Ресейден жолын айыру керек екенін түсінді.

«Енді империямен жолымыз бөлек. Башқұрт ұлттық қозғалысы саналы түрде Башқұртстанның тәуелсіздігін таңдады. Мұндай мүмкіндікті бізге жаратушының өзі беріп отыр. Енді біз сол мүмкіндікті міндетті түрде 100 пайыз түгел пайдаланамыз», – деді Габбасов.

Республика өз тәуелсіздігі үшін күресетінін жеткізді.

Соңғы кездері Ресей Федерациясы құрамындағы Башқұртстан Республикасында азаттық алуға байланысты қозғалыстар жиі байқала бастады.