Ресейге Петропавлды беру әрекеті үшін бес жылға бас бостандығынан айыру

TikTok-тағы пікір — бес жыл колония.

Солтүстік Қазақстан облысында сот өңір тұрғыны Татьяна Л.-ны Қазақстан Республикасының аумақтық тұтастығын бұзуды насихаттады деп таныды.

Іске Петропавл туралы видеонын астына жазылған пікір себеп болған. Онда қала «бұл — Ресей» екені және «бәрі өз орнына қайта оралады» деген мазмұнда сөздер жарияланған. Скриншоттар әлеуметтік желілерде тез тараған. Одан кейін тексеру басталып, қылмыстық іс қозғалып, үкім шықты.

Сот әрекеттерді ҚР Қылмыстық кодексінің 180-бабы бойынша саралады — «Қазақстан Республикасының аумақтық тұтастығын бұзуға насихат немесе жария түрде шақыру». Бұл жерде мінберден жасалған саяси мәлімдеме де, митинг те болған жоқ. Негіз ретінде дәл интернеттегі жария пікір алынған.

Негізгі мән-жай — пікірдің шектеусіз аудиторияға қолжетімді болуы. Құқық қолдану тәжірибесінде бұл жария насихат ретінде түсіндіріледі. Осындай істерде интернет жаппай тарату құралы ретінде қарастырылады.

180-бап нақты бас бостандығынан айыру жазасын көздейді. Сот бес жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Үкім соңғы айларда ең көп талқыланған істердің біріне айналды.

Контекст маңызды. 2014 жылдан кейін өңірде аумақтық тұтастық тақырыбы ерекше назарда. Қазақстанның солтүстік облыстары шетелдік ақпараттық кеңістікте жиі аталады. Мемлекет қатаң ұстанымда: шекараны қайта қарау туралы кез келген жария мәлімдеме егемендікке төнген қауіп ретінде бағаланады.

Іс қоғамда екіұдай пікір тудырды. Бір тарап жазаны тым қатаң деп санап, эмоция мен қылмыс арасындағы шекараны талқылайды. Екінші тарап геосаяси тұрақсыздық жағдайында мемлекет барынша қатаң әрекет етуге міндетті деп есептейді.

Бұл процесс жаңа шындықтың белгісіне айналды. Цифрлық орта енді «сөз үшін қауіпсіз кеңістік» емес. Пікір ретінде жазылған сөйлемнің өзі құқықтық салмаққа ие болады.

Әлеуметтік желілер дәуірінде саяси мазмұндағы сөз — жай ғана пікір емес.

Бұл — ықтимал қылмыс құрамы.

Қазақстандағы сот тәжірибесі көрсетіп отыр: мемлекет мұндай мәлімдемелерді аумақтық тұтастыққа тікелей сын-қатер ретінде қабылдайды.

Бес жыл — бірнеше жол мәтін үшін.

Altyn-Orda.kz