Ресейшіл сарапшы: Батыс қазақ жастарын «русофоб» қылып жатыр…

Ювенологиялық орталықтың директоры Александр Тесленко дейтін адам жуырда «Евразия.Эксперт» басылымына сұхбат беріпті. Сұхбатында агрессор Ресей президенті Владимир Путиннің Батыс елдері туралы жағымсыз риторикасын айнытпай қайталапты деп хабарлайды Mezgil.kz ке сілтеме жасаған altyn-orda.kz 

Ресейге бүйрегі бұрған тілші былай деп сұрайды:

«Батыста оқыған көптеген Қазақстан жастары елге оралғаннан кейін Батыстың мүддесін қорғап, солардың лоббистеріне айналады. Билікте отырған Батысшыл күштер Ресейге қарсы санкция салатын елдерге қосылуды жақтайды, Ресейге қарсы ұлтшылдықты күшейтеді. Көбісі неолибералдық құндылықтарды, соның ішінде ЛГБТ-ны қолдауды және көпшілікті азшылықтың мүдделеріне бағындыруды қолдайды. Оларға не әсер етті? Бұл Батыстық білімнен шығар, әлде басқа факторлар ма?»

Сүйтсе, біздің сарапшысымағымыз «ойымды оқыдың» дегендей, тілшінің сөзін қолдай-қолпаштай жауап беріпті:

«Иә, әрине, қазақстандықтарға Батыстық білім әсер етті. Жастар Батысқа бара сала, солардың салтына ілеседі. Олардың миын өз идеяларымен улайды. Батыстың мүдделерін, әсіресе, АҚШ-тың мүдделерін тарату үшін олардан «бесінші баған» жасайды. Бүгінде Қазақстанда, әсіресе блог саласында байқап жүрген руссофобия мен ұлтшылдықтың өршуі осының дәлелі.

Біздің ақпарат министрі де сол топтан екенін айтсақ да жеткілікті. Сондықтан, әрине, мұның бәрі әсер етеді. Батыстық білім алғандардың саны – 12 мың адам, бұл Қазақстанның бүкіл жастары емес. Бірақ бұл тенденция (руссофобия мен ұлтшылдықты айтып отыр – ред.) Қазақстанда білім алған жастарда да сезіледі. Себебі, білім беру мазмұны өзгерді. Қазақстан тарихы оқулықтарын алып қараңыз. Ұлы Отан соғысы туралы қаншалықты мәлімет бар? Кеңес тарихы туралы ше? Ол қандай мағынада оқытылып жүр? Бұл үлкен мәселе», — депті Тесленко.

Ғалымсымақтың сөзінше, Қазақстан тарихы оқулықтары шындығы ашылып келе жатқан Екінші дүниежүзілік соғыс, яғни оның атауы бойынша «Ұлы Отан соғысы» туралы және қазаққа азап көрсеткен Кеңес Одағының өткен-кеткені туралы ақпаратты аз беретін көрінеді. Тесленко ақпарат министрін де «батыстың идеясына уланған» деп қаралап кетуді жөн көріпті.

«Қазақстанда ашылғалы отырған әлемдік деңгейдегі жоғары білім беретін оқу орындарының бір ғана мақсаты бар: Олар Қазақстанды Ресейден бөліп тастағысы келеді», — депті сарапшы.

Ал Қазақстандағы орыс тілінің мәртебесі туралы «85 жыл бұрын, 1938 жылы наурыз айында Кеңес билігі орыс тілін мемлекеттегі міндетті оқыту пәні етіп бекітті. Содан бері орыс тілінің қоғамда алар орны өзгерді. Бүгінде ол көптеген посткеңестік республикалардың мемлекеттік тілі болудан қалды, қолдану аясы қысқарды. Қазақстандағы орыс тілінің жағдайы, оның болашағы қандай?» деп «уайымдайды» тілші.

Бірақ Тесленко «Қазақстанда орыс мектебіне баласын беретін ата-аналар барда, орыс тілі мәңгі жасайтынын айтып» журналисті жұбатыпты. Оның айтуынша, Әзірбайжан, Өзбекстан сияқты орыс тілін қысқартып тастау Қазақстан билігінің қолынан келмейді. Өйткені бұл мемлекетте өмір сүретін ұлты орыс еместердің 40-50 пайызы орысша ойланады.

«Қазақстан мектептерінің орыс тілді сыныбына кіріп көріңіз. Кейбіреулерінде бірде-бір орыс бала жоқ, тек қазақ балалары. Көптеген ата-аналар әлі күнге дейін балаларын орыс тілінде оқуға береді, өйткені білім деңгейі мен сапасы әлдеқайда жоғары», — деді сарапшы.

 

«Дегенмен, орыс тілін алалау тұрмыстық деңгейде кездеседі», — депті Тесленко.

«Мен студенттерімді бақылап жүремін. Олар қазақ тілінде білім алса да, үзіліс кезінде бір-бірімен орысша сөйлеседі. Сондықтан орыс тілі әлі де ұлтаралық қарым-қатынас тілі, сонымен қатар әлемге ашылатын терезе іспеттес, өйткені мұнда бәрі ағылшын тілін меңгеріп кетпеген», — деді ол.

Тесленконың айтуынша, қазақ тілі заңға да, ғылымға да жарамсыз. Өйткені орыс тіліндегі терминдердің қазақша баламасы жоқ екен.

«Орыс тілі – күшті, ол өз жолын өзі қалайды. Жақында Парламенттегі бір министр өзінің ведомствосы туралы есеп берді. Жиналғандар орыс тілінде сөйлеген министрге «шабуыл жасады. Ол былай деп жауап қайтарды: «Менің баяндамамды қазақ тіліне аударайық делік, бірақ мұндағы терминдерді қазақша айта аламыз ба?». Сондықтан орыс тілінің болашағына үмітпен қарайық», -деді Тесленко.

Арамызда тәуелсіз Қазақстанда тұрып, өзге елдің, агрессор Ресейдің көзқарасын, идеологиясын жақтайтын, оны елімізге әкелуге тырысатын, жастардың санасына сіңіруге күш салатын осындай журналистер мен сарапшылар барда халықтың бірлігіне селкеу түсетіні анық.

Айтпақшы, ЕвраZия.Эксперттің «Z» әрпі латынша жазылыпты. Ал «Z» таңбасының соғыс белгісіне айналғанына бір жылдан асты.

Mezgil.kz