«Ростелеком» желісіндегі ірі ақау Ресейдің ондаған өңірін интернетсіз қалдырды

Ресейде 15 қарашадан бастап «Ростелеком» желісінде жаппай ақаулар тіркеліп, оннан астам өңірде интернет жұмысы бұзылды. Downdetector және «Сбой.рф» платформалары алғашқы шағымдарды Владимир, Иваново, Кострома және Ярославль облыстарынан қабылдады. Ярославльда оператор негізгі магистральдың «үшінші тұлғалар» кесірінен зақымданғанын хабарлады.

Ақау  Мурманск облысында, Ямалда және Краснодар өлкесінің бірқатар аудандарында да байқалды. Кейбір пайдаланушылар тек Минцифраның «ақ тізіміндегі» сайттарға ғана қол жеткізе алған — бұл әдеттегі техникалық ақаулардан ерекшеленеді.

18 қарашаға қараған түні екінші толқын басталып, Марий Эл, Удмуртия және Белгород, Курск, Псков, Самара, Челябинск, Амур облыстарының тұрғындары да интернеттің үзілуіне шағымданды. Digital Report дерегінше, қолжетімділіктің ішінара сақталуы «суверенді Рунет» инфрақұрылымының іске қосылғанын көрсетуі мүмкін.

Ресми себептер әлі жарияланған жоқ. Сарапшылар техникалық ақау да, интернетті оқшаулау бойынша жаттығулар да болуы ықтимал екенін айтады.

Бұған дейін Владимир Путин киберқауіпсіздік жөнінде жабық кеңес өткізген.

Altyn-orda.kz