Рудныйда екі көшенің атауын өзгерту бастамасы кең қолдау тапты

Рудный қаласында Ивана Франко көшесін Кеңес Одағының Батыры Әлия Молдағұлованың атына, ал «50 лет Октября» көшесін «Достық» көшесі атауын беру үшін жиыналыс өтті .
Жиынға қала тұрғындары, мәслихат депутаттары және мемлекеттік органдар өкілдері қатысты деп хабарлайды Altyn-orda.kz
Қоғамдық талқылау кезінде көтерілген бастамаларға тұрғындардың басым бөлігі қолдау білдірді. Қала қоғамдастығы бұл атаулардың жаңа мән беріп, Рудныйдың тарихи және ұлттық болмысымен үйлесетінін атап өтті.
Мәслихат депутаттарының да ұстанымы айқын болды: қатысқан 12 депутаттың 10-ы көшелерді қайта атауды қолдап дауыс берді.
Бір депутат қалыс қалса, AMANAT партиясының депутаты Валерий Гирфанов қарсылық танытты. Дегенмен оның ұстанымы жалпы пікірге айтарлықтай әсер еткен жоқ — бастама қалың жұртшылық тарапынан да, депутаттар тарапынан да кеңінен қолдау тапты.
Енді бұл шешім республикалық ономастикалық комиссияға жолданып, соңғы мақұлдаудан өтеді. Қала билігінің мәліметінше, жаңа атаулар ресми бекітілсе, көше көрсеткіштерін ауыстыру жұмыстары жергілікті бюджет есебінен жүргізіледі. Ал тұрғындардың мекенжай құжаттарын жаңартуы автоматты режимде, азаматтарға еш шығынсыз жүзеге асады.
Рудныйдағы бұл өзгеріс қоғамда тарихи әділдік пен ұлттық санаға қатысты пікірталастарды қайта жандандырды. Көпшілікке көше атауларын жаңарту — өткеннің ескірген атауларынан арылып, жаңа буынға жақын ұлттық-тарихи кодты күшейтудің бір жолы екені маңызды болып отыр.










