«Сайлауалды бағдарламаның авторы – халық»
AMANAT партиясының облыстық сайлауалды штабының алаңында өткен әйел кәсіпкерлер және штаб мүшелері, кандидаттармен өткен кездесу барысында осы қағида айтылып, оның мәні түсіндірілді.
«Яғни, «Халықпен бірге!» бағдарламасын жинақтау барысында сіздер секілді кәсіпкерлер, кез-келген сала өкілдерінің пікірлері ескеріліп, нақты ұсыныстар сараланды. AMANAT партиясының ауыл-аймақтарды аралау барысында тұрғындар тарапынан айтылған әр ұсыныс сарапталып, 10 негізгі сұранысты және соған сай партия атқаратын 10 міндетті айқындады. Нәтижесінде осы бағдарлама пайда болды. Оның аясында түрлі сала мамандары, зейнеткер, үй шаруасындағы аналар да өздеріне қатысты тармақты таба алады. Алдағы уақытта осы секілді басқосуларда айтылған ұсыныс-пікірлер арқылы бағдарлама толықтырылады» деді кездесу барысында штаб мүшелері.
«Қазіргі қоғамның бір дертіне айналған ажырасу секілді құбылыстың астарында әлеуметтік ахуалдың төмендігі жатыр. Олай деуімізге, қабылдауларға келген адамдар баяндаған оқиғалар себеп. Соның ішінде баспана жоқтығы шаңырақтардың шайқалуына себепші болады. Жалақы аз, азық-түлік бағасының қымбат болуы да тұрмысқа тікелей әсер етеді. Сол секілді, ауылдардың жайы. Біз осы секілді сайлауалды үгіт-насихат жұмыстары аясында бірқатар елді мекендерде болдық. Күні кеше Сарайшық ауылына барғанымызда тұрғындар жастарға арналған спорт нысандары жоқ, балалардың баратын жері, ойнайтын алаңы жоқ екенін айтты. Осы секілді көптеген мәселелер AMANAT партиясының сайлауалды бағдарламасында нақты көрініс тапқан. Оларды шешу жолдары, іске асырылу мерзімдері де айқын көрсетілген» деді облысық мәслихат депутаттығына партиялық тізім бойынша ұсынылған кандидат Фатима Тулеева.
Басқосу барысында кәсіпкерлік саласын қолдау, дамыту бағытындағы жұмыстар, шағын және орта бизнес өкілдерін инфрақұрылымдық желілермен қамту бағытында қолдау білдіру жайы сөз болды.
Тапсырыс беруші: AMANAT партиясының Атырау облыстық филиалы
AMANAT партиясының Атырау облысының сайлау қоры қаражатынан төленді