Санкт-Петербург такси саласында мигранттардың еңбек етуіне уақытша тыйым салуда.

Санкт-Петербург такси саласында мигранттардың еңбек етуіне уақытша тыйым салуда. Бұл шешім қаланың ең ірі қызмет көрсету нарықтарының біріндегі тепе-теңдікті өзгертуі мүмкін, деп хабарлайды Altyn-orda.kz.
Губернатор Александр Беглов ОКЭД 49.32 коды — «жеңіл такси және жүргізушісі бар жалға берілетін жеңіл көліктер қызметі» аясында патентпен жұмыс істейтін шетел азаматтарының қызметіне тыйым салатын қаулыға қол қойды.
«Фонтанка» басылымы Смольныйдың баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып, бұл шара 2025 жылдың соңына дейін күшінде болатынын және 10 күннен кейін күшіне енетінін хабарлайды. Мигранттардың еңбегін пайдаланатын жұмыс берушілерге қолданыстағы келісімшарттарды бұзып, Ресей азаматтарының арасынан жаңа қызметкерлерді табуға үш айлық өтпелі кезең берілді.
Билік бұл бастаманың мақсаты – жолаушылар тасымалының сапасы мен қауіпсіздігін арттыру, сондай-ақ ресейліктер үшін, әсіресе еңбек нарығына қысым сақталып тұрған жағдайда, қосымша жұмыс орындарын құру екенін атап өтті.
Шешім РФ-тың «Шетел азаматтарының құқықтық мәртебесі туралы» федералдық заңының 18.1-бабының 6-тармағына сәйкес қабылданған. Бұл тармақ аймақтарға мигранттарды белгілі бір экономикалық қызмет түрлеріне тартуды өз бетінше реттеуге мүмкіндік береді
Экономикаға қысым
Ресми уәждер қауіпсіздік пен «ұлттық басымдықпен» байланысты болғанымен, сарапшылар ықтимал кері әсерлер туралы ескертуде: Петербургтегі такси нарығы мигранттардың еңбегіне айтарлықтай тәуелді. Әртүрлі бағалаулар бойынша, такси жүргізушілерінің 40–60%-ын шетел азаматтары құрайды.
Қысқа мерзімді перспективада бұл кадр тапшылығына, жолақы құнының өсуіне және әсіресе қала шетіндегі аудандарда такси қызметінің қолжетімділігінің төмендеуіне әкелуі мүмкін. Әсіресе икемді жалдау моделіне сүйенетін агрегаторлар мен күнделікті логистика үшін таксиге тәуелді жолаушылар зардап шегуі ықтимал.
Смольный Еңбек және жұмыспен қамту комитетіне әлеуметтік-экономикалық салдарға талдау жүргізуді және осы жылдың соңына дейін бұл тыйымды 2026 жылға ұзарту орынды ма, жоқ па – ұсыныс әзірлеуді тапсырды.
Контекст: иммиграция, нарық және саясат
Бегловтың шешімі федералдық саясаттағы кең ауқымды үрдіске сай келеді: мұнда миграция мәселесі тек қауіпсіздік тұрғысынан ғана емес, сонымен қатар еңбек нарығында да реттелетін тақырыпқа айналуда. «Ресейліктерге басымдық» туралы қоғамдық сұраныс аясында өңірлік билік нақты экономикалық қажеттіліктер мен саяси үміттердің арасында тепе-теңдік табуға тырысуда.
Енді басты сұрақ — нарық мұндай жедел бейімделуге дайын ба және ресейлік азаматтардың арасында бұл салаға — жоғары күйзеліс, тұрақсыз жұмыс кестесі мен төмен табыспен танымал қызметке келуге жеткілікті ынта бар ма?
Петербург көлік секторы мен жалпы еңбек нарығына осындай миграциялық саясаттың әсерін бағалау үшін сынақ алаңы болмақ.
Altyn-orda.kz
