Сара Назарбаева бірнеше жыл бұрын өзінің «Қонақай» тегін қайта алған – БАҚ
БАҚ беттерінде экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың жұбайы Сара Алпысқызы өз тегін алғаны туралы ақпарат тарады деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Shishkin_like Telegram-арнасының мәліметіне сәйкес Сара Алпысқызының атына «Назарбаева Сара Алпысқызы» жеке кәсіпкерлігі тіркелген. Алайда оның басшысы ретінде Қонақай Сара Алпысқызы көрсетіліпті. Нұрсұлтан Назарбаевпен 1962 жылы отау құрғанға дейін оның тегі «Қонақай» болған екен.
Ресми құжаттарға сүйенсек экс-президенттің жұбайы тегін 2005-2012 жылдар аралығында ауыстыруы мүмкін. Себебі ол 2012 жылдың 4 ақпанында жарияланған «Халық-Life» Халық банктің өмірді сақтандыру бойынша еншілес компаниясы» АҚ-да үлестес тұлғалар тізімінде Қонақай тегімен көрсетіліпті.
Ал 2005 жылдың 19 қыркүйегінде Тимур Құлыбаевтың иелігіндегі «Алмэкс» Холдинг тобы» АҚ-ның үлестес тұлғасы ретінде Сара Алпысқызы «Назарбаева» деген текпен тіркелген.
Әйткенмен Нұрсұлтан Назарбаев пен Сара Назарбаеваның ресми ажырасқаны туралы ақпарат жоқ. Ал «Бөбек» қайырымдылық қорының Instagram-парақшасында деректер 2018 жылдың 15 сәуірінен бері жаңартылмаған, мұнда оның тегі Назарбаева деп көрсетілген.
Еске салайық, бұған дейін Сара Назарбаева енгізген «Өзін-өзі тану» міндетті пәндер тізімінен шығарылған еді.