«Сара Назарбаеваның бала сатқаны рас па?»: Жанар Байсеміз шетелге бала сатуға атсалысқан тұлғаларды атады
“Шетелдегі қазақ балалары” жобасының авторы, журналист Жанар Байсемізова шетелге бала сатуға ат салысқан кейбір танымал тұлғалардың есімін атады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты Abay Live youtube арнасына сілтеме жасап
“Испанияда бір қызбен жолықтық. Маған бағдарламаға психолог керек болды. Елшіліктегі адамдарға өтініш жасап едім, олар маған тауып берді. Сөйтсем ол қазақ қызы екен. Заң бойынша 1999 жылдан бастап шетелге кете бастады деп айтылады. Бірақ ол қыз одан бұрын кеткен. Ол қыз көпбалалы отбасынан шыққан. Ата-анасы қайтыс болып кеткен. Сол кезде жетім балаларды шетелдегі отбасыларға қонаққа жіберетін секілді бағдарлама болған. Жазғы демалысты сол жаққа барып, өткізіп келеді. Сондай бағдарламамен Испанияға барып, бір отбасында демалып келеді. Келгеннен кейін испаниялық отбасымен хат жазысып тұрған. Кейін қызды өздерімен бірге алып кеткен. Ол кезде Испанияда қазақ елшілігі құрылмаған кез еді. Елшілік болмағасын шетелге кеткен қазақ балаларының статистикасында тіркелмейді. Ресей арқылы өткен. 2022 жылы сондай оқиға ашылды”, – дейді бағдарлама авторы.
Сонымен қатар ол Сара Алпысқызының да шетелге бала сатуға қатысты ойын айтты.
“Испаниядағы қазақ қызы Сара Алпысқызының бағдарламасымен кеткен. Кейін сіңлісін де испаниялықтар асырап алған. Бауыры ғана осында қалған. Ғинаят деген ағасы бар екен. Соған жылап тұрып, сәлем жолдады. Бірақ мен Сара Алпысқызы барлық баланы сатты дегім келмейді. Логика тұрғысынан да миға сыймайтын әңгіме сияқты. Бала сатып ақша табатындай мұқтаж емес еді ғой. Бала сату бизнесінен бөлек байлығы жетеді. Мен жамандық ойлағым келмейді. Біздің еліміздің экономикалық жағдайын көріп, сол балаларға жақсылық ниетпен де жасаған шығар. Ізгілік ниетте басталған дүние сияқты. Балаларға мүмкіндік бергісі келген болар. Одан кейін түрлі дүние шыққан болуы керек”, – дейді журналист.
Сондай-ақ, бағдарлама авторы балалардың қанша теңгеге сатылғанын да жасырмады.
“1990 жылдың аяғы мен 2000 жылдың басында-ақ 50 мың АҚШ долларына сатқан. Ол кезде бұл өте көп ақша еді. Таразға шетелдік 10 шақты отбасы келіп, әр баланы 50 мың АҚШ долларына сатып алып кеткен. Заңсыз кеткен біраз баламен таныстым. Оларды айта алмаймын”, – дейді Жанар Байсеміз.