Сарыағашта қаза тапқан қыздың әкесі қылмыскердің үйін «жермен-жексен» етуді талап етті
«Педофильдің үйі қазір маскүнемдердің ордасына айналған. Бірнеше күн бұрын көршілерім маған қоңырау шалып, онда жарық жанып тұрғанын жеткізді. Көршілерім ол үйге бас сұғып, арақтың шөлмегі мен стақандар жатқанын көріпті. Бірақ ешкім болмаған. Бұл үй қазірдің өзінде маскүнемдердің иектейтін жеріне айналған. Біз Үкіметтен бұл үйді толығымен сүріп, ал жер телімін өз балансына алуды сұраймыз. Халыққа пайда әкелетін орын болсын. Бұл үйді міндетті түрде қирату керек, маған оның үйін бұзамыз деп те уәде берген. Үй өте ескі, онда өмір сүру мүмкін емес. Алқаштардың жын-ойнағы десе де болады», — дейді әке.
Еске сала кетейік, 2023 жылдың 13 шілдесінде Түркістан облысы, Сарыағаш ауданы, Жібек жолы (Черняевка) ауылында 2018 жылы туған, бес жасар бүлдіршін қызды айуандықпен зорлап, өлтірген оқиға тіркелді.
Түркістан облысы Сарыағаш ауданында бес жасар қызды өлтірді деген күдіктінің бұрын екі рет сотты болғаны белгілі болды.7 қыркүйекте Түркістан облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты Сарыағаш ауданы Жібек жолы ауылында 5 жасар қыздың өліміне күдікті деп қамалған 48 жастағы Сайдолим Гаийбназаровты «Адам өлтіру» және «Сексуалдық сипаттағы зорлық-зомбылық әрекеттері» бабымен кінәлі деп тауып, өмір бойына түрме жазасын кесті. Сот үкімі күшіне енгеннен соң сотталушыға кастрация жасалатын болды. Сот бұған қоса, айыпталушыны жәбірленуші жаққа 100 млн теңге көлемінде моральдық өтемақы төлеуге міндеттеді.
«Адырна» ұлттық порталы