Сарығашта бес жасар сәбидің жетісіне келген тұрғындар наразылыққа шықты
Жібек жолы ауылының жұрты бес жасар бүлдіршіннің өліміне қатысты тергеуді әділ жүргізуді талап етті. Бұл туралы Stan.kz ақпараттық агенттігі «Азаттық радиосына» сілтеме жасап хабарлайды.
Айуандықпен кісі қолынан қаза тапқан бүлдіршіннің жетісіне жиналған халық наразылыққа шықты. Тұрғындар «Педофилдерге өлім!», «Әділ сот болсын!» деген жазуы бар плакат ұстап, Жібек жолы ауылын аралап өтті. Бір топ әйел қазақ-өзбек шекара бекетіне апаратын күре жолды да жапқан. Оқиға орынына полиция мен арнайы жасақ келді.
Наразылыққа шыққандар қыздың өліміне байланысты тергеуге тағы бір күдікті шақырылып, артынша оны босатқан дейді.
Жиналғандар «сот-медициналық сараптама қорытындысы шықпайынша, күдіктіні шығаруға болмайды» деп талап қойды.
Жолды жапқан Жібек Жолы ауылының тұрғындарын арнайы жасақ әкімдік ғимаратына күшпен кіргізген. Әкімдік өкілдері мен полиция әйелдердің шағымын тыңдап, сұрақтарына жауап береміз деген. Кісі қолынан қаза болған бүлдіршіннің туысы, қазір әкімдік ғимаратын арнайы жасақ қоршап тұрғанын айтты.
Еске сала кетейік бұған дейін, Сарыағаш ауданы, Жібек жолы ауылында бес жасар қызды бұрын сотталған ер адам өлтіргені туралы ақпарат жазған болатынбыз.