«Сауд Арабиясынан ақша алмадым, Сирияға ешкімді жібермедім, анамды өлтірмедім»: Бекболат Тілеухан құран ұстап ант етті
Дәстүрлі әнші, Мәжілістің экс-депутаты Бекболат Тілеухан 1,5 жылдан астам уақыт саясат сахнасынан көрінбей кеткенін және халық арасында өршіп жүрген қаңқу сөздерге де әлеуметтік желідегі парақшасында жауап берді деп жазды KYN.KZ тілшісі.
«Өзіммен өзім болдым. Кітабымды жазып, намазымды оқыдым. Бала-шаға әулеттің қамына ғана көңіл бөлдім. Жасымыз да біразға жетті. Көп нәрседен бас тартамын деп шешкенмін. Бірақ бүгін ел алдына шығуға тура келіп тұр. Маған осы жылдар талай жала жабылды. Қару сатты, анасын өлтірді, анасын тікелей көмді, ән ұрлады, Сауд Арабиясынан қаржы алды деген айыптар жетіп жатыр. Қисынсыз болған соң, қатты көңіл бөлген жоқпын. Сенгендер болды, сенгісі келгендер бар. Бірақ ең ауыры – қарапайым халықтың қажылыққа барам деп тірнектеп жинаған ақшасын жымқырып кету деген болды. Ол жаланың авторы – Медет Мұратбайұлы. Бұл балаға да біреулер айтқызып отыр», — дейді Бекболат Тілеухан.
Әншінің айтуынша, Медет 2022 жылы бірнеше миллион теңгені Бекболат Тілеуханға бердім деген. Алайда өзі 2022 жылдың наурызы мен 2023 жылдың қаңтары аралығында Қазақстанның топырағын басқан жоқпын деп ағынан жарылды.
«Осы уақытқа дейін қаншама қызметте істедім. Атқарушы орган Үкіметте, заң шығарушы орган Парламентте болдым. Жауапты қызметтерді атқардым. Бірақ сол кезде намазымды тастамадым, сақалымды қырмадым. Біздің Ислам діні құранға негізделген. Алланың атымен ант ету дегеннің қаншалықты жүгі ауыр екенін білесіздер. Осы құранға қолымды қойып ант етемін», — деді экс-депутат.
Бекболат Тілеухан «Кәусар тревел» деген компанияны білмейтіндігін айтты. Олардан ешқандай ақша алмағанын, Медет Мұратбайұлы деген жігітті мүлдем танымайтынын айтып өтті.
«Анамды өлтірген жоқпын, Ғарифолла Құрманғалиевтан ән ұрламадым, Сирияға бір кісіні жіберсем құдай көріп отыр, ант етемін. Сауд Арабиясынан ақша алмадым. Елдің күмәні қалмасын деген ой. Осылай айтуға мәжбүрмін», — деді Бекболат Тілеухан.
«Сауд Арабиясынан ақша алмадым, Сирияға ешкімді жібермедім, анамды өлтірмедім»: Бекболат Тілеухан құран ұстап ант етті