Саяси мәдениетті көтеру күн тәртібіндегі мәселе

«Social project management» орталығы» қоғамдық қоры Алматы қаласы Қоғамдық даму басқармасының «Халықтың саяси мәдениетін арттыруға бағытталған тақырыптық іс-шаралар өткізу» жобасы аясында мемлекеттік орган өкілдері мен құқық қорғау органдары өкілдері үшін арнайы сабақтар ұйымдастырды. Оны ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік қызмет істері академиясының лектор-сарапшысы Жангелді Жақыпов жүргізді.
Ата Заңымызда жазылғандай, біздің еліміз өзін демократиялық, құқықтық мемлекет ретінде айқындап, адамның құқықтары мен бостандықтарын қымбат қазына ретінде қарастырады. Ал құқықтық мемлекеттерде азаматтар құқықтарының қорғалуы, ең алдымен, олардың құқықтық білім мен құқық бұзушылыққа қарсы тұра білу деңгейіне байланысты көрініс береді. Бұл – саяси құқықтық мәдениет.
Жоба аясындағы сабақтар Алматы қаласы Экология департаментінде, Қылмыстық-атқару жүйесі департаментінде, Алматы қаласы мамандандырылған әкімшілік сотында өтті.

Ж.Жақыповтың айтуынша саяси мәдениет түсінігі барлық адамға ортақ. Ол мемлекеттік қызметкерлерге де, тұрғындарға да, қауіпсіздік саласындар істейтін қызметкерлерге де керек. Мысалы мемлекеттік мекемеде жасы кіші адам басшы болып тағайындалды делік. Оның қарамағындағы жасы үлкен қызметкерлер мұндай жағдайда оған іні деп емес, лауазымды тұлға деп қарауы керек. Олай болмаған жағдайда ол жерде саяси мәдениет бұзылады. Немесе жұмысқа жақында ғана келген адам кәсіби мықтылығының арқасында бұрын жұмысқа келгендердің арасынан суырылып шығып, басшы болды делік. Бұрыннан жұмыс істеп жүргендер мұндай жағдайда саяси мәдениетті сынына түседі.










