Серікзат Дүйсенғазы 16 жасар ұлының қазасынан соң алғаш рет сұхбат берді

Айтыскер ақын Серікзат Дүйсенғазы қаңтар айының басында ұлынан көз жазып қалды. 16 жастағы Әлихан Көкшетау маңындағы демалыс базаларының бірінде шаңғымен ағашқа соғылып, мерт болған. Қайғылы жағдайдан енді ес жиған ақын алда мұндай оқыс оқиғаларға жол бермеу мақсатында алғаш рет «Ел» бағдарламасына сұхбат берді, деп жазады KAZ.NUR.KZ. 

Серікзат Дүйсенғазының айтуынша, жаңа жылдық демалыста отбасылық достармен шаңғы тебуді олар көптен бері дәстүрге айналдырған. «Бұл жағдай 2 қаңтар күні орын алды. Жылдағы дәстүр бойынша, отбасылық достарымызбен бірге демалыс базасына бардық. Негізі, жұбайым осы демалысқа барғанымызды қаламады. Бірақ ұлым Жәутіков атындағы халықаралық Олимпиадаға ұзақ уақыт дайындалғандықтан, бір сергіп, демалып алсын деген ой болды менде. Осылайша, біз бір күн демалыс базасында болып, сол жақта шаңғы тептік. Ертеңіне жаңадан үйлер салынған басқа базаға ауыстық. Сол жерде төртке дейін демалдық, ал Әлихан соңғы рет таудан түсіп келейін деп, жоғарыға шығып кетті. Бұл шамамен 15:45 кезі еді. Бәріміз төменге жиналып, күтіп тұрдық. Тіпті, бізді қонақ қылатын досымыз да келіп, қайтуға дайын тұрдық. Бірақ Әлихан келмеді. Төменге түспегесін, алдымен анасы, кейін мен тағатсыздана бастадық», — дейді ақын. 

Серікзаттың айтуынша, ұлы Әлихан шаңғы тебуді кішкентайынан меңгерген. «Әлихан шаңғыны жақсы тебеді. Ол биіктен қиналмай түсе беретін. Соңғы рет кетердің алдында таудан құлдилаған сәтін анасы видеоға түсіріп алыпты. Сол жерде шамамен он рет таудан шаңғымен түсті. Ол шаңғыны енді үйреніп жүрген бала емес. Ең жаманы — әлгі базада инструктор жоқ екен. Сондықтан кішкентай қызымды өзім ертіп, төменгі жақта жүргенмін. Әлиханды төмен түскен барлық таныстарымыздан сұрап, дегбіріміз қашты. Сол кезде қасымыздан қарда жүретін машина зу етіп, қатты жылдамдықпен өтіп кетті. Жоғарыға зулап бара жатқанын көріп, біртүрлі боп қалдым. Тіпті, аяғымнан жан кете бастады. Солай ұлымның төменге түсуін күтіп, жан-жақтан сұрастырып жүргенде бір жарым сағаттай уақыт өтті. Бір кезде бағана жоғары шығып кеткен қарда жүретін көліктің түсіп келе жатқанын байқадым. Олар шет жақпен кетіп бара жатыр екен, артынды тіркемесі бар. Аяғым жансызданып қалды. Солардың жолында әйелім мен досым жүрген, олар артынан жүгіре жөнелді. Қасына барсам, ұлым жатыр. Үстіне анасы жатып алып: «Денесі әлі жылы» деп айғайлап жатыр. Сол жерде екеуміз де есімізден тандық», — дейді айтыскер. 

Серікзат Дүйсенғазының айтуынша, демалыс аймағында қауіпсіздік шаралары мүлде сақталмаған. «Сол жерде біз базадағы қанша адамға бардық, жағдай айтқан, көңіл сұраған ешкім болмады. Ұлымды бір жарым сағат іздедік, ал олар бізге айтпай, оны жедел жәрдем арқылы мәйітханаға беріп жібермек болған. Ұлымды төмен алып келгенде жедел жәрдем тұрды. «Полиция келмейінше алмаймыз», — деп қарап тұр. Сонда адам өліп жатқаны оларға бәрібір ме? Олардың өз жақындары өлмей ме? Таудан сырғанайтын жерде ағаштар тұр. Әлгі ағаштар қоршалмаған. Тауға көтерілетін арқанды ұстап тұратын метал бағана да тұр. Оны да қоршамаған. Ұлым сол жерден қаншама рет сырғанағанын көрген соң, ағашқа соғылды дегенге де сенгім келмейді. Бұл жерде бір гәп бар. Ең өкініштісі, ұлымыздың қазасына ешкім жауап берген жоқ. Әлгі базадан ешкім келіп көңіл айтпады. Барлық құзырлы органдарға бардық. Олар жеке бизнесті тексеруге мараторий жарияланғанын айтып, қол қусырып отыр. Ұлымның ажалына кім жауап береді? Мен танымал адам болғасын мәселе осылай көтеріліп отыр. Ал қаншама адам осы жерде ажал құшып, ауыр жарақат алуда. Соның бәрін бизнес деп, тексермей отырамыз ба?», — деді ашынған ақын.