«Шапан жауып шығарып салды»: футболдан Қазақстан құрамасы Магомед Адиевпен қоштасты (видео)
Футболдан Қазақстан ұлттық құрамасы және Қазақстан футбол федерациясы ұжымы Магомед Адиевпен қоштасты. Бұл туралы Altyn-orda.kz KAZ.NUR.KZ тілшісіне сілтеме жасай отырып хабарлайды.
Магомед Адиев 31 мамырда футболдан Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері қызметінен кеткен еді. Оның орнына ресейлік маман Станислав Черчесов тағайындалды. «Футболшылар мен әкімшілік штабы Магомед Мұсаұлына ұмытылмас эмоция сыйлағаны үшін алғыс білдірсе, ҚФФ ұжымы бапкерге кестелі шапан кигізіп, шығарып салды», — делінген Қазақстан футбол федерациясының Instagram желісіндегі жазбасында. 46 жастағы Адиев Қазақстан құрамасын 2022-2024 жылдар аралығында жаттықтырды. Оның жетекшілігімен команда 21 матчқа қатысып, 11 рет жеңсе, 9 мәрте жеңіліс тапты. Сонымен бірге бір ойында қарсыласпен тең түсті.
Бүгін, 7 маусымда Қазақстан ұлттық құрамасы Арменияға қарсы жолдастық матч өткізеді. Ойын Астана уақытымен 21:00-де басталады және Qazsport телеарнасында тікелей эфирде көрсетіледі.
Посмотреть эту публикацию в Instagram