Шаруалар биенің сүтін Қытайға сатуды сұрап отыр — министр
Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров қазақстандық шаруалар биенің құрғақ сүтін Қытайға сатуды сұрап отырғанын айтты, — деп хабарлайды Altyn-orda.kz Massaget.kz тілшісіне сілтеме жасай отырып .
Мәжілістегі Үкімет сағатында депутат Аманжол Әлтай өзекті мәселені көтерді.
«Өкінішке қарай, бүгінде төрт түліктің төресі жылқының бағасы доңыздан төмен, ал биенің сүті бағаланбай отыр. Себебі, тек биенің сүтін тереңдетіп өңдеу арқылы оны қазақ халқының ұлттық брендіне айналдыруға мүмкіндік бар. Молодежный (Қарағанды облысы) кентін қоспағанда елімізде биенің сүтін өңдейтін зауыт жоқ. Жалпы биенің сүтін өңдейтін зауыт салу жоспарда бар ма?», — деді ол.
Сауалға ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров жауап берді.
«Қарағанды облысында саумал өндірісі бар. Өткен аптада сол жақты араладым, жігіттермен кездестім. Әр облыста бие сауып жүрген азаматтар бар. Саумалды өткізу проблемасы бар. Еуропа (нарығына) өте алмай отырмыз дейді, сұраныс шамалы. (Олар өнімін) Қытайға өткізуді сұрап отыр. Сондай-ақ (құрғақ бие сүтін) БАӘ-ге жіберіп жатырмыз. Ол жақта бұл өнімді құлындарға тамақ ретінде береді», — деді ведомство басшысы.
Айдарбек Сапаров құрғақ бие сүтіне шетелден сұраныс барын жеткізді.
«Сондықтан қазір Қытайға шектеуді алып тастадық. Реестрге кіргізу жұмысын жүргізіп жатырмыз. (Реестр) ашылса, жұмысты Қарағандыдан бастаймыз. Сұраныс болса, зауыт салуға ниет танытқан біраз адам бар. Мысалы Солтүстік Қазақстанда «Барлыбай» деген шаруа қожалығы бар. Олар бие сауып, қымыз сатады. Біраз азамат (биенің сүтін өңдейтін зауыт) ашуға дайын. Биыл жылқының басы 4 миллионға көбейді», — деді министр.