Шерзат ісі бойынша сот: түсініксіздік пен бейберекетсіздік

Талдықорған қаласында 16 жастағы Шерзат Полатты өлтіру ісі бойынша атышулы сот процесі басталды.
Ulysmedia.kz хабарлауынша, таңертеңнен бастап сот ғимаратының маңында абыр-сабыр басталды: БАҚ өкілдері, операторлар, адвокаттар мен іс қатысушылары ұйымдастырудағы қиындықтарға тап болып, отырыс басталмай жатып-ақ шиеленісті атмосфера қалыптасты.
Толығырақ
Бастапқы сәттен-ақ түсінікті болды: сот процесі өтетін зал тым тар. Алдымен ішке тележурналистер мен камерасы бар операторлар жіберілді.
Қалған журналистерге сот залына БАҚ өкілдерінің қатысуына тараптардың келісімі қажет екені айтылды. Осыдан кейін 15 минут ішінде сот процесінің ашық не жабық өтетініне шешім шығарылады — себебі айыпталушылардың бірі кәмелетке толмаған.
Сот залындағы журналистердің наразылығы сезіліп тұрды. Көпшілігі сот барысын жариялау үшін алыстан келген, бірақ кішкентай әрі ыңғайсыз залға сыймай қалды.
Сондай-ақ бұл резонансты істің Талдықорғанда, қажетті инфрақұрылым жеткіліксіз қалада қаралып жатқанына да ешкім түсінікті жауап бере алмады. Сот жүйесінің өкілі Перизат Хайруллина бұл сұраққа нақты жауап берген жоқ.
Бейберекет жағдайда күтпеген оқиға болды: операторларды сыртқа шығарып, сұхбат жазу үшін шақырды. Алайда кім сөйлейтіні және не үшін екені түсіндірілмеді. Қалған журналистер іште қалып, сыртқа шығуға мүмкіндік берілмеді, бұл жағдайды одан әрі түсініксіз етті.
Сотты судья Ержан Серікқазыұлы Жанұзақов жүргізіп отыр. Белгілі болғандай, іс бойынша 9 айыпталушы бар, олардың бірі — кәмелетке толмаған. Ал бұған дейін 11 адам айыпталушы ретінде көрсетілгені жайлы ақпарат қайда қалды деген сұрақ туындады, бірақ бұл сұраққа да жауап берілмеді. Сонымен қатар, БАҚ өкілдерінен кәмелетке толмаған айыпталушыны фото немесе бейнежазбаға түсірмеу сұралды.
Сот процесі қазақ тілінде жүргізіліп жатыр, залда аудармашылар да бар.
Отырыс барысында Жоғарғы соттың коммуникациялар орталығының басшысы Перизат Сәдуақас-Хайруллина түсініктеме беріп отырды.
Журналистер ұйымдастырудағы қиындықтарға байланысты одан толыққанды баспасөз конференциясын өткізуді сұрады. Перизат бұл өтінішті басшылыққа жеткізіп, жауаппен оралатынын айтты.
Қазіргі таңда сот процесі жалғасып жатыр. Алайда ол толықтай ашық бола ма, әлде жабық түрде өте ме — бұл әлі белгісіз. Біз оқиғалардың дамуын қадағалауды жалғастырамыз.
ШЕРЗАТТЫҢ ӨЛІМІ
Еске сала кетейік, 4 қазанда Шерзаттың отбасы жалға алған дүкенде жанжал шығып, аяғында қатыгез пышақтасуға ұласқан. Сол жерде 16 жастағы Шерзат Полат ата-анасының көз алдында мерт болды.
Қаза тапқан жасөспірімнің туыстары наразылыққа шығып, істің әділ тергелуін талап етті. 12 қазанға қараған түні Шерзат Болаттың отбасы тұратын үй толығымен жанып кетті. Полиция бұл — қасақана өрт қою болғанын растады.
9 қазанда Шерзат Полаттың ағасын асылған күйінде тапты. Жерлеу рәсімінен кейін бірнеше отбасы мүшелері ұсталған. Шерзаттың немере ағасы Мейірбек Реимов бұл іске байланысты Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа жүгінді.
21 қаңтарда адвокат Карина Көшербаева 16 жастағы Шерзат Полатты өлтіру ісі бойынша сотқа дейінгі тергеу аяқталғанын хабарлады.
