Шетелдіктер қазақ хиттерін орындай отырып,қазақ тілін тез меңгеріп жатыр

TikTok-та #ImNotKazakhBut хэштегімен жаңа тренд кеңінен таралуда. Әлемнің түрлі елдерінен келген қолданушылар қазақ тілінде ән айтып, өз орындауларын жариялауда. Еуропа, Азия және Америка елдерінің блогерлерінің бейнежазбалары тез арада вирусқа айналып, олардың таза айтылуы мен эмоциялық жеткізуі көпшілікті таңғалдыруда, деп хабарлайды Altyn-orda.kz.
Челлендж қатысушылары бейнелерін «Мен қазақ емеспін, бірақ…» деген сөздермен бастап, Ninety One мен Қайрат Нұртас, сондай-ақ Yenlik пен Ерке Есмаханның танымал әндерін орындайды. Көптеген пікір қалдырушылар олардың жай ғана әуенге еліктемей, қазақ тілінің интонациясы мен ырғағын дәл жеткізуге тырысатынын атап өтуде.
Қазақстандықтар флешмобты қызу қолдап, қазақ мәдениеті мен тіліне деген қызығушылық білдірген шетелдіктерге алғысын айтуда.
Бейнежазбалардың астында «Біздің тіліміз әлемге естіліп жатқанына мақтанамын» деген сияқты жүздеген пікірлер жазылуда.
Бұл тренд жай ғана интернет-ойын емес, ол халықтарды байланыстыратын мәдени көпірге айналды. Ол музыканың әртүрлі елдер мен ұлттардың адамдарын біріктіре алатынын және бұрын көп адам біле бермеген тілдерге деген қызығушылықты оятатынын көрсетті.
Altyn-orda.kz










