СҚО-да шенеунік 16 млн теңгеге жуық қаражат жымқырғаны үшін сотталды

Қазақстанда мемлекеттік сатып алулар жемқорлыққа ең бейім салалардың бірі ретінде тағы да назарға ілікті. Бұл жолы — Солтүстік Қазақстан облысында: Тайынша ауданының бұрынғы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің басшысы 15,9 млн теңге (шамамен 34 мың доллар) жымқырғаны үшін сотталды, деп хабарлайды Altyn-orda.kz.

Облыстық прокуратураның мәліметінше, схема қарапайым және жақсы жолға қойылған: «бір көзден сатып алу» рәсімі арқылы шенеунік модульді құбыр желісінің бергіш құрылғысын жеткізуге жалған келісімшарт жасаған. Бұл құрылғы — әлеуметтік нысандарды жылумен қамтуда маңызды элемент болып саналады. Тергеу деректеріне сәйкес, кәсіпкердің өзі оның аты алаяқтық схемаға пайдаланылғанын білмеген.

Әрине, шынайы жеткізілім болмаған. Қаражат аударылып, ізім-ғайым жоғалған. 2025 жылғы 30 маусымда өткен сот бұрынғы басшыны бюджет қаржысын аса ірі көлемде иемденгені үшін (ҚР ҚК 189-бабы 4-бөлігі 2-тармағы) кінәлі деп танып, оны сегіз жылға бас бостандығынан айырып, өмір бойына мемлекеттік қызметте жұмыс істеуге тыйым салды.

Үкім әлі заңды күшіне енбегенімен, бұл оқиға жүйелік дерттің нақты көрінісі. Сатып алудың жеңілдетілген рәсімдері, ашықтықтың төмендігі және бақылаудың формалды болуы — ұрлыққа жол ашатын қолайлы орта қалыптастырады. Әсіресе, шалғай аудандарда,  бұл схеманы жүзеге асыру  қиындықққа соқпаған

Контекст:

Бұл жағдай — ерекше емес, керісінше тұрақты үрдістің көрінісі. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің деректеріне сүйенсек, Қазақстанда жыл сайын мемлекеттік сатып алулар саласындағы заңбұзушылықтарға қатысты жүздеген қылмыстық іс қозғалады. Нақты келтірілген залалдың ауқымын бағалау қиын — барлық схемалар әшкереленбейді, ал кейбір істер тергеу сатысында тоқтап қалады.

Бұл — билік өкілдерінің жемқорлыққа «нөлдік төзімділік» танытамыз, мемқызметтерді цифрландырудамыз деген мәлімдемелері аясында орын алып отыр. Алайда, электронды тендер жүйесі жағдайында да жалған жеткізілімдер, бағаны негізсіз өсіру және «өз адамдарына» беру сияқты схемалар жұмысын жалғастыруда. Және, тәжірибе көрсеткендей, олар көбіне жазасыз қалады.

Бұл нені білдіреді:

Тайыншадағы оқиға — жеке бір жағдай ғана емес, жүйелі осалдықтың көрсеткіші. Егер қарапайым аудандық бөлімде-ақ ондаған миллион теңге еш кедергісіз жымқырылса, бұл — ауқымды жүйелік проблема барының айғағы. Енді басты сұрақ: прокуратура назарынан тыс қанша осындай схема қалды екен?