«Соғысқа өз еркіммен келдім»: Ресей жасағына қосылған қазақ жігіті үндеу жасады
Ресейдің «Вагнер» жасағының құрамына қосылған қазақстандық 23 жастағы Марғұлан Бекенов мәлімдеме жасады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Украинадағы соғысқа аттанған қазақ баласы үндеуін видео арқылы жеткізді. Студенттің айтуынша, оны ешкім ұрлап кетпеген, соғысқа аттану туралы шешімді өзі қабылдаған.
БАҚ-та Томск мемлекеттік университетінің студенті, яғни мені ұрлап кетті деп жатыр. Бұл алаңдап, мені кез келген жолмен осы жерден алып кеткісі келген анамның таратып жатқан ақпараты болса керек.
«Вагнер» жасағының құрамына өз еркіммен соғысуға, арнайы әскери операцияға үлесімді қосуға келдім. Мен өзімді жақсы сезінемін, ұжым тамаша, өзімді таптым. Маған бұл жер ұнады. Психикалық және эмоционалды тұрғыда жағдайым жаман емес. Тағы да қайталаймын, мені ешкім ұрлаған жоқ, — деді Бекенов күлімдеп тұрып.
Айта кетейік, өзге ел аумағындағы қарулы қақтығысқа қатысқаны үшін Қазақстанда қылмыстық жауапкершілік қарастырылған. Оған сәйкес азамат 5 жылдан 9 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.