Талдықорғанда үш жасар баланы ұрып өлтірген бойжеткен 10 жылға бас бостандығынан айырылды

Талдықорғанда кішкентай баланы ұрып өлтірген 24 жастағы бойжеткен 10 жылға сотталды. Бүгінде ол апелляциялық инстанцияның шешімін күтіп, қамауда отыр, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

Былтыр 9 қыркүйекте Талдықорған қаласының полиция бөлімшесіне жергілікті тұрғын жүгініп, үш жасар ұлын бала күтушісі ұрып өлтіргенін хабарлайды. Бала соққының салдарынан ауыр жарақат алып, көз жұмған. Осыған байланысты полиция қызметкерлері аталған факті бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 106 бабының 3-бөлігі (абайсызда жәбірленушінің өліміне әкеп соққан денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру) бойынша қылмыстық іс қозғады. Тәртіп сақшылары көз жұмған ұл баланың ата-анасы отбасымен көршілес шағын ауданда тұратын күтушіні жалдағанын анықтады.

Күдікті ретінде бала күтушінің 24 жастағы қызы ұсталды, ол баланы әр жерінен бірнеше рет ұрғанын мойындады. Бойжеткен алдымен үйқамаққа алынды, бірақ кейін полиция бұлтартпау шарасын өзгерту туралы сотқа өтініш жолдап, қалалық прокуратурада өтінішті қанағаттандырылды.

Десе де қылмыстың ауырлығы ескеріле отырып, күдікті қайтадан қамауға алынды. «Істің мән-жайын жария ету мүмкін болмағандықтан, іс жабық сот отырысында қаралды. Сот жазаны жеңілдететін мән-жайларды – күдікті бұрын сотталмағанын, шын жүректен өкінетінін, жәбірленушінің кешірім бергенін және ауырлататын мән-жайлардың жоқтығын ескере отырып, сотталушыға орташа қауіпсіздіктегі қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінде 10 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады», — деп мәлімдеді Жетісу облыстық сотының баспасөз хатшысы Нұрсұлтан Орынбасаров.

Құзырлы мекеме сотталушыға қатысты үкім әлі заңды күшіне енбегенін айтты. Қазір іс аппеляциялық қаралымда.