«Тегін қараламын десе үш ай, ал ақылы болса үш минут күтеді»: Аймағамбетов МӘМС жүйесін сынға алды
Бүгін Мәжіліс отырысында депутат Асхат Аймағамбетов міндетті әлеуметтік сақтандыру бойынша азаматтар неге айлап кезек күтетіннің себебін айтты деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Премьер-министр Әлихан Смайыловтың атына жолдаған депутаттық сауалында ол МӘМС жүйесі арқылы қаралғысы келетін қарапайым халық бірнеше айлап кезек күтуге мәжбүр екенін және бұл қолдан жасалып отырған проблема екенін алға тартты.
«Қазір азаматтар аурухана барып, тексерістен тегін өтемін десе, онда бір ай немесе үш ай күту керек. Ал егер сол адамдар сол тексерістен ақылы өтемін десе, дәл сол уақытта немесе үш минутта өтуіне болады. Сондықтан еріксізден ақылы қызметті алуға мәжбүр болады. Онда біз не үшін ай сайын өзіміздің жалақымыздан төлейміз дейді. Бұл негізінен жасанды проблема. Өйткені, енгізілген қаржыландыру жүйесіне де байланысты болып тұр», — дейді Асхат Аймағамбетов.
Депутат бұл мәселені шешу үшін МӘМС жүйесі арқылы ұсынылатын қызметтердің ақысы факт бойынша бөлінуі керек дейді.
«Қазір емханалар іс жүзінде ай сайын квота арқылы қаражат алады. Мысалы, бір айға КТ жасауға он квота, МРТ жасауға бес квота беріледі. Ал, егер науқастар саны бұдан көп болса, онда дәрігер науқасты келесі айға жазуға мәжбүр. Осыны ескерсек, ай сайынғы қаржыландырудан бас тарту керек. Көрсетілген қызметтердің ақысы факт бойынша төленуі керек. Науқастарға медициналық ұйымды таңдауда еркіндік беріп, түсініспеушілік болмау үшін тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі мен медициналық сақтандыру пакетін нақтылауды ұсынамын», — деді Асхат Аймағамбетов.
Депутат сонымен қатар қазір дәрігерлердің көбі науқастың қараудың орнына компьютер «шұқылап» отыруға мәжбүр екенін айтып, Үкімет басшысына бұл проблеманы шешудің де жолын ұсынды.
«Екінші, ақпараттық жүйелер арасындағы алшақтық пен дәрігерлердің артық жүктемесі бойынша бүгінгі таңда дәрігерлер науқастарды тексерудің орнына, компьютерлерге телміріп, деректерді түрлі ақпараттық жүйеге енгізуге мәжбүр болғандықтан, науқастарды қарауға уақыттары да жоқ. Бір науқасты тексеруге берілетін стандартты уақыт компьютер толтыруға кетіп отыр. Сондықтан, барлық құжаттаманы толтыруды медбикелерге тапсырып, штат санын арттыру арқылы дәрігерлердің жүктемесін азайту керек және бірыңғай ақпараттық жүйені іске қосу бойынша жүріп жатқан жұмысты шұғыл аяқтау керек», — деді Аймағамбетов.