Тоқаев ауқымды сұхбат беріп, қаңтар оқиғасы мен АЭС құрылысы жайлы айтты

Ертең, 3 қаңтарда Egemen Qazaqstan газетінде мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ауқымды сұхбаты жарық көреді. Бұл туралы президенттің баспасөз хатшысы Берік Уәли Facebook парақшасында мәлімдеді, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
“Ертең мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың белгілі ғалым, “Қазақ газеттері” ЖШС бас директоры Диқан Қамзабекұлына берген кең көлемді сұхбаты “Egemen Qazaqstan” газетінде жарияланады”, — делінген Берік Уәлидің желідегі жазбасында.
Сұхбатта еліміздің ішкі-сыртқы саясатына қатысты мәселелер, мемлекеттің әлеуметтік-экономикалық дамуы, қаңтар қасіреті, қоғамдағы тұрмыстық зорлық-зомбылық, АЭС құрылысы секілді өзекті тақырыптар қозғалады. Сондай-ақ президенттің жеке өзіне қатысты да кейбір мәселелер айтылады.
