Тоқаев Германияның Федералдық Президенті Штайнмайерді құттықтады

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Германия Федералдық Президенті Франк-Вальтер Штайнмайерді Германияның бірігу күнімен құттықтап, Берлинмен серіктестікті жоғары бағалайтынын айтты.
«Германия — әлем мойындаған қуатты мемлекет. Қазақстан жаңа идеялар мен бірлескен жобалар арқылы ынтымақтастықты жалғастыруға дайын», — деді Мемлекет басшысы.
Құттықтау екі ел арасындағы белсенді ынтымақтастық кезеңінде жолданды. 2025 жылдың мамырында Астанада өткен Қазақстан-Германия іскерлік кеңесінде алты жаңа бірлескен жобаға қол қойылды.
Германиядағы Қазақстанның елшісі Нұрлан Онжанов екі елдің экономикалары бірін-бірі толықтыратынын атап өтті. Ал Германияның елшісі Моника Иверсен Қазақстанды аймақтағы ең маңызды серіктес деп атады.
Германия 1991 жылы Қазақстанның тәуелсіздігін мойындап, 1992 жылы дипломатиялық қатынастар орнатқан. Бүгінде 1000-нан астам неміс компаниясы Қазақстанда жұмыс істейді, ал Германияның инвестициясы 5,8 млрд доллардан асты.
2023 жылы Штайнмайердің Астанаға сапары кезінде тараптар энергетика мен логистика салаларындағы серіктестікті кеңейтуге келісті. 2025 жылдың жеті айында Германияға экспортталған қазақстандық мұнай көлемі 38%-ға артты.
Қазір ынтымақтастық бағыттары — жасыл энергетика, машина жасау, цифрландыру және білім беру.
Тоқаевтың құттықтауы Қазақстан мен Германия арасындағы сенімге, экономика мен ортақ мақсаттарға негізделген стратегиялық серіктестіктің айғағы болды.
Altyn-orda.kz
