Тоқаев: Қазақстанды өркендеген, бақуатты мемлекетке айналдыру үшін қолымнан келгеннің бәрін жасаймын

Бүгін Астанада Қасым-Жомарт Тоқаев халық алдында ант қабылдап, Қазақстан Республикасы президенті қызметіне қайта тағайындалды. Салтанатты шарада сөз сөйлеген мемлекет басшысы Қазақстанды өркендеген, бақуатты елге айналдыру үшін қолынан келгеннің бәрін жасайтынын айтты, деп хабарлайды БОРТ N1 Telegram-арнасы.

Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде «сайлау нәтижесі – халықтың саяси бағдарға берген бағасы» екенін атап өтті.

«Шын мәнінде, ел сенімін еш нәрсемен өлшеу мүмкін емес. Халықтың сенімі – ең құнды нәрсе. Сайлау нәтижесін халқымыздың саяси бағдарыма – бағасы, алдағы жоспарыма – батасы деп қабылдаймын. Халқының қолдауына ие болып, ел тізгінін ұстау – ер азамат үшін ең биік мәртебе әрі орасан зор жауапкершілік. Алдағы 7 жылды бүгінгі буынның және келешек ұрпақтың алдындағы борышымды өтеуге берілген бірегей мүмкіндік деп білемін. Қазақта «аманат» деген асыл ұғым бар. Халқымның сенімі – маған аманат. Осы аманатқа адал болу – мен үшін қасиетті парыз. Ел үмітін ақтап, Қазақстанды өркендеген, бақуатты мемлекетке айналдыру үшін қолымнан келгеннің бәрін жасаймын», — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Айта кетейік, бүгін Астанада президентті ұлықтау рәсімі өтті. Онда Қасым-Жомарт Тоқаев ел алдында ант қабылдап, президент қызметіне ресми түрде кірісті.

 

kaz.nur.kz

 

ТегтерТоқаев