Тоқаев Қытайға ресми сапармен барады

30 тамыз бен 3 қыркүйек аралығында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ҚХР Төрағасы Си Цзиньпиннің шақыруымен Қытайға ресми сапар жасайды. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады, деп жазады Altyn-orda.kz.

Сапар бағдарламасына жоғары деңгейдегі келіссөздер, Шанхай ынтымақтастық ұйымының саммитіне және Тяньцзиньде өтетін «ШЫҰ+» отырысына қатысу, сондай-ақ Бейжіңде өтетін «Қазақстан – ҚХР» іскерлік кеңесінің жиынында сөз сөйлеу кіреді.

Бұдан бөлек, Тоқаев Қытайдың ірі корпорация басшыларымен кездесіп, Екінші дүниежүзілік соғыстағы Жеңістің 80 жылдығына арналған іс-шараларға құрметті қонақ ретінде қатысады.

Қазақстан мен Қытайдың өзара ынтымақтастығы қарқынды дамуда: маусым айында екі ел көшбасшылары Астанада кездесіп, энергетика, логистика, цифрландыру және агроөнеркәсіп кешені салаларын қамтитын жиырмадан астам келісімге қол қойған болатын.

Тараптар қазіргі кезеңді «алтын дәуір» деп атап, өңірлік және жаһандық бәсекелестік аясында стратегиялық әріптестікті одан әрі нығайтуға ниетті.

Altyn-orda.kz