Тоқаев олигарх Клебановтан Екібастұз тұрғындарына өтемақы төлеуді талап етті

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Екібастұз жылу электр орталығын (ЖЭОС) бақылайтын олигарх Александр Клебановтан Екібастұз тұрғындарына өтемақы төлеуді талап етті, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.

«ЖЭС пен желілер иесінің жауапкершілігіне бөлек тоқталғым келеді. Құнсыздануы 90 пайыздан асатын Екібастұз жылу электр орталығын мемлекетке 1 теңгеге сату туралы ұсынысты тексеру қажет», — деді Тоқаев дүйсенбі күні өткен үкіметтің кеңейтілген отырысында.

Президент бұл нысанға тәуелсіз аудит жүргізу керек екенін атап өткен. Әбден тозған орталықты мемлекет тиімді басқара ала ма, ең алдымен, осыны зерттеу керек. Кәсіпорынның 50 пайызын алып, меншік иесіне Жылу электр орталығын күрделі жөндеуден өткізуді тапсырған жөн, дейді президент.

«Екібастұз қаласының тұрғындарына келтірілген шығынды өтеу құны меншік иесі мен республикалық бюджет арасында бөлінсін. Соңғы жылдары қожайындары ешнәрсе жасамаған әрбір маңызды инфрақұрылымдық нысанды Үкімет жан-жақты қарастырып, шешім қабылдауы керек. Осындай жұмыстарды облыс әкімдері жергілікті жерлерде де жүргізетін болады», — дейді мемлекет басшысы.

Еске салайық, 27 қарашаға қараған түні Павлодар облысындағы Екібастұз қаласы 30 градустық аязда жылу электр орталығындағы қазандықтардың тоқтап қалуына байланысты жылусыз қалған болатын. 28 қарашада Екібастұзда төтенше жағдай режимі енгізілді. Дәл осы күні Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев проблемалық энергетикалық активтерді мемлекет меншігіне қайтару мәселесін қарастыруды тапсырған.

30 қарашада мәжіліс депутаты Ерлан Сайыров Александр Клебановтың Екібастұз жылу-электр орталығын 1 теңгеге мемлекетке сатуға әзір екенін мәлімдеген.

“Ол нысанды мемлекет меншігіне 1 теңгеге беруге дайын екенін мәлімдеді. Біз бұлай болмайтынын айттық. Нысанды меншігіне алған кездегі тозу деңгейі мен қазіргі тозу деңгейін салыстырып, айырмашылықты төлеу керегін жеткіздік. Екіншіден, ол Екібастұз тұрғындарына моральдық өтемақы төлеуі керек», – деген ол.

Сол күні Екібастұз қаласының жылу-электр орталығында (ЖЭС)болған апат фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Тергеу барысы Павлодар облысы прокурорының жеке бақылауына алынған.

Сонымен қоса премьер-министрдің орынбасары, сауда және интеграция министрі Серік Жұманғарин Екібастұз тұрғындарына келтірілген шығындарды Орталық-Азия Электроэнергетикалық корпорациясының иелері төлейтінін айтқан. 

1 желтоқсанда Роман Скляр Екібастұзда болған ірі коммуналдық апаттың алдын ала себебін атаған. Ол  жылу желілерінің бұзылуына станция қызметкерлерінің қате әрекеті себеп болғанын айтқан еді.

5 желтоқсанда Павлодар облысы әкімінің уақытша міндетін атқарушы Олег Крук Екібастұзда барлық көпқабатты үйлердің жертөлесіне жылу берілгенін мәлімдеді. Дегенмен әлі 70 жеке үй жылу жүйесіне қосылған жоқ.

Желтоқсанның 6-сына қараған түні Екібастұз жылу электр орталығының басшысы Сергей Видлог үйінің гаражында өлі табылғаны белгілі болған.