«Томирис патшайым аян берді»: Қызыл көйлекпен танылған жамбылдық емші-дәрігер іс-әрекетін түсіндірді
Жамбыл облысы Тереңөзек ауылындағы мектепке барып, өзін сақтардың патшайымына балаған емші Гүлсара Суазқызы желіде қызу талқыға түсті. Өзін емші әрі дәрігер санайтын әйел білім ордасына барып, қайырымдылық кешін өткізген. Ал ұлағатты ұстаздар оның аяғының астына гүл төсеп, 4 мың теңгеден жинаған. Ол бұл сапарына 4,5 миллион теңге шығындағанын айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі «Көреміз» бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.
Ауыл мектебін аралап, оқушылармен кездескен әйел көпке емші ретінде белгілі. Оның С. Асфендияров атындағы медициналық университетін растайтын дипломынан бөлек, тәуіп ретінде алған серфикаттарында есеп жоқ. Бұдан бөлек аппақ көйлек киіп, ақ жаулық тартып, елді емдеп жүр. Емшіні таныған кісілердің пікірі екіге бөлінген. Бірі оны елден ерек жан десе, енді екіншілері мектепке барғанына қарсы.
Тереңөзек ауылы, Жамбыл Жабаев атындағы орта мектепте 500-ге жуық оқушы білім алады. Мектеп директоры Эльмира Зәкенбаева әйелдің мұндай образбен киініп келетінін білмеген.
«Оның Томирис екенін ешкім білмейді. Бізге келген кезде елдің бәрі таңғалды. Әйтпесе, оның «Томирис екенін, емші екенін біз сол кезде ғана аңғардық. Киімін көріп, ойпырмай, мынау не киіп алған деп, аң-таң болдым. Әйелдің осы жерге келгенде мұндай тірлік істейтінін білмедік. Әлі күнге дейін бұл кісінің не мақсатпен келгенін түсінбей жатырмыз. Әкімшілік те, ішкі саясат та, ешқайсысы бейхабар болған. Біздің бар білетініміз – ол ауылдың тумасы. Ол осы ауылға «Мектепке жол» акциясы шеңберінде 100 балаға мектеп формасын әкеліп беретінін естідік», – деді мектеп директоры.
Мектеп директоры әйелдің әкелген дорбасын ашқан кезде онда оқушыларға форма емес, ересек адамдардың киімдері бар екенін көрген. Кейін әкімшілік киімдерді мешіттерге апарып өткізген.
Желіні шулатқан емші бағдарламаға берген сұхбатында көйлегінің құпиясын бөлісті. Айтуынша, Томирис патшайым оған аян берген. Ол мектепке жасаған қайырымдылық шарасы жайлы да айтып берді.
«Түсімде Томирис патшайым аян берді. Негізі көп жыл бұрын аян берген. Менің жұмысымды жалғастырасың деді. «Жеріңе ие бол! Клиникаңды жоғалтып алма! Намазхананы ұста!» деп аян берді. Әрқашан аян көріп, сол бағытпен жұмыс істей бергенмін. Томирис өзінің костюмін маған берді. Дизайнын сызып берген. Қызыл костюмді өзі көрсетті, мен оны тіктірдім. Әр образға 37 костюмім бар. Осы мектепке бару үшін бас-аяғы 4,5 миллион теңге ақшам кетті. Ешкімге берген жоқпын, жол бойы жараттым. Құрбандыққа, дастарханға беріп отырдым. Мен мектепке құр қол бармадым. Дүкеннен киім, камера, компьютер алдым. Мәдениет орталығына бердім. Мектепке киім беріп, жағдайы төмен отбасыларға таратыңыздар деп айттым. Күз бен қысқа арналған киім алдым, оның ішінде бала мен ересектерге арналған киімге 900 мың теңге кетті. 750 мың теңгеге алынған киімді мектепке тастадым. Олардың сапасына қарауға уақытым болмады. Ол жердегі адамдар киімнің сапасын сөксе, әйелдер өздеріне жақсысын қалдырып, ауыстырып қоюы мүмкін. Біз мектепте 15 минут қана отырдық. Мектеп директоры маған 4 мың теңгенің шоколадын беріп, шай іш деді. Қандай жаман болсын, ол менің туған жерім, елім. Олардың қай-қайсысын да жақсы көремін. Кішкене түсінбестік болды. Олар қате жасады. Бірақ мен оларды кешірдім. Менен де бір жерде ағаттық кетсе, қате жасасам, кешіріңдерші. Мен сендердің қыздарыңмын ғой. Мені қалай лақтырасыңдар?», – дейді Гүлсара Суасқызы телеарнаға берген сұхбатында.
Суасқызы дәрігер болғандықтан жасын айтудан бас тартқан.
«Медициналық препараттармен бірге емшілік жұмысты ұштастыра істеймін. Адам жазылмай жатса, Құран сүрелерін қосамын. Өзімнің денемде қасиетім бар, оны да қосамын. Жазылмайтын ауру жоқ. Мен жайлы 98 сериялық фильм бар. Менің жеке продюсерім бар. Емшіге де продюсер керек. Менің денемдегі қасиет басқа адамдарда жоқ. Қандай қасиет екенін айта алмаймын. Сөзбен жеткізе алмаймын. Адамның бойындағы дертті айта аламын. Адамдардан ақша сұрамаймын, олар қанша береді, соны аламын», – деді әйел.
“Томирис патшайым” өзінің 3 ұлы, 7 немересі бар екенін айтып берді.
«Балаларым «ана, сізді адамдар түсінбейді екен, адамдарға жақсылық жасаймын дейсің, олар сені түсінбейді» деді. Келінім «сені жынды деп ойлайды, халық топас, көзіңді аш, адамдарға көмектеспе» деп ақыл айтты. Сендер қазақша түсінбейсіңдер, менде шаруаларың болмасын дедім. Қайырымдылықпен айналысу – менің миссиям», – деді әйел.