Төреғали Төреәлі үлкен қызының сырқатына байланысты Қызылордаға қоныс аударды
Танымал әнші Төреғали Төреәлінің отбасымен Алматыдан Қызылордаға көшіп кетуінің себебі белгілі болды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Әншінің қарындасы Дина Төреәлі ағасы мен жеңгесінің тұңғыш қызы Кәусардың сырқатына байланысты Қызылордаға қоныс аударғанын айтты.
“2019 жылы Қызылорданың ыстық жазын да, суық қысын да көрдік. Бірақ әйтеуір қазақтың жерінде жүргенімізге мәзбіз. Себебі, сол уақытқа дейін шөжем (Кәусар) Қытайдың түрлі қалаларында ем алатын. Ол жақта баланы көзіңше аямай шыңғыртып, неше түрлі нәрсе жасап, жүрегіңзі езіп қолыңа беретін. Кішкентай болса да бүкіл қытайға мен қазақпын деп әйтеуір ыммен түсіндіріп патриот болып жүретін. Қытайға арасында 15-20 күнге ғана барып кететінмін. Ол жақта бүкіл жағдай жасалса да, бәрібір Қазақстанды, үйді сағынып іш құса болатын еді. Бір кездері еміне “Дина тәтем апармаса бармаймын” дегенді шығарды. Кәусардың жыл сайын ізінен ерген іні-сіңлілері бар. Бәрімен бірге жүру жеңешеме ауыр болып кеткен соң Кәусарыма өзім қараймын деп шештім. 2019 жылы Қызылорада Сәкен атасымен жарты жылдың ішінде мықты нәтиже көрдік. Аяғына тұрып, еш жерді ұстамай 7-8 қадамды өзі жасай алатын. Бірақ қуанышымыз ұзаққа созылмады. Қыстың кезінде қатты ауырып Алматыға қайтып келдік. Ұзақ уақыт үзіліс болғандықтан жарты жылда үйренгендерін ұмытып қалды”, – дейді Дина Төреәлі.
Ол Кәусарға берген уәдесінде тұра алмағаны жайлы да айтты.
“Сөйтіп Кәусар аяғына тұрмайынша тұрмысқа шықпаймын деп жүрген тәтесі аяқ асты Алланың қалауымен тұрмыс құрып кетті. Сонда да жүрегімнің түбінде мен бір қуаныш боларына сенемін. Алланың шексіз мейірімінен үміт үзбеймін. Тәтең бұрынғыдай жанңда жүрмесе де жан тәнімен үнемі сенің жаныңда, балапаным. Сонымен қазір Кәусар ата-анасымен, бауырларымен Қызылордаға уақытша көшіп кетті. Себебі 2019 жылы жақсы нәтиже көрсеткен емдеу орталықта ем алып жатыр. Дәл сонда нәтиже болып, аяғына тұрып, сөйлеп, аз уақытта балалардың қатарына қосылып кетеді деген үміттеміз”, – деді Төреғалидің қарындасы.
Бұған дейін Төреғали Төреәлінің әйелі тұңғыш қызының сырқаты туралы жантебірентерлік жазба жариялаған болатын.