Төреғали Төреәлінің қамауда ұстау мерзімі ұзарды
Төреғали Төреәліні қамауда ұстау мерзімі 15 күнге ұзарды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Алматы қаласының әкімшілік құқық бұзушылық жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты Төреғалиға қатысты әкімшілік істі қарады.
«14 маусымда азамат А. жолда екі жолақты белгіні кесіп өтіп, полиция талабына бағынбаған. Сот отырысында ол іс материалдарында баяндалған фактілерді растады және өкінетінін айтты», — дейді қалалық сот.
Қазақстандық жұлдыз дәл сол күні алматылық полициямен жанжалдасқан болатын.
Ведомствоның мәліметінше, эстрада жұлдызы Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 596-бабының 3-бөлігі (Көлiк құралын жолдың жүру бөлiгiнде орналастыру, қарсы жүрiп өту немесе басып озу қағидаларын бұзу) және аталған кодекстің 667-бабының 1-бөлігі (Құқық қорғау органы немесе арнаулы мемлекеттік орган, әскери полиция органы, мемлекеттік фельдъегерлік қызмет қызметкерінің (әскери қызметшісінің), сот приставының, сот орындаушысының заңды өкіміне немесе талабына бағынбау) бойынша әкімшілік құқық бұзғаны үшін сот қаулысымен кінәлі деп танылды.
Сот Төреғалиды 15 тәулікке әкімшілік қамауға алып, 6 ай мерзімге көлік құралын басқару құқығынан айырды. Сот шешімі заңды күшіне енген жоқ.
Бұған дейін Төреғали Төреәліге қатысты қылмыстық кодекстің 308-бабы «Билік өкілін қорлау» бойынша қылмыстық іс тіркелгені белгілі болды.
Еске салайық, бұған дейін Төреғали Төреәлі Алматыда есірткіге мас күйде полицияға ұсталған болатын. Кейінірек әнші 20 тәулікке қамауға алынып, 7 жыл мерзімге көлік басқару құқығынан айырылды. Бірақ әншінің адвокаты оны ауруханаға жеткізілгенін хабарлаған. Кейін бұл жағдайға өнердегі әріптестері пікір білдірген еді.