«Төрт әйелі, жеке аспазы бар»: Астанадағы зәулім үй Зекет қорының экс-басшысынікі болып шықты (ВИДЕО)
Әлеуметтік желіде біраз күннен бері Астананың бас имамының үйі делінген зәулім сарай қызу талқыға түсті. Бұл үй шын мәнінде кімге тиесілі екені белгілі болды, деп хабарлайды Altyn-orda.kz Skifnews.kz ақпарат порталына сілтеме жасап .
ҚМДБ ресми өкілі Ағабек Қонарбайұлы бұл үй кімге тиесілі екенін жариялады. Видеода Астана тұрғыны Нұрлан Лесбек қызу талқыға түскен үй өзінікі екенін айтады.
«Мен — Нұрлан Лесбекұлы. Соңғы кезде әлеуметтік желіде осы үй бас имамның үйі деп көрсетілген екен. Ол — жалған ақпарат. Бұл үй — менің үйім. Осы үйде 15 жылдан бері тұрып жатырмын, өзім соғып, өзім кіргенмін», — дейді видеодағы ер адам.
Бұған дейін әлеуметтік желіде тараған видеода бейтаныс ер адам бұл үйге аспазды алып келгенін айтып, зәулім сарай Астананың бас имамына тиесілі екенін айтқан еді.
«Мен мынаны басында мешіт екен деп қалыппын. Сөйтсем, мынау Астананың бас имамының үйі екен, мешіт сияқты, дәәәу ғой, сұмдық. Ал енді садақа беріңдер. Әр жұма сайын салған садақаларың, міне, қайда кетіп жатыр? (…) Не деген сарай мынау! Төрт әйелі бар дейді тағы. Жаңа осы үйдің аспазын алып келдім. Аспазы бар тағы. Сендердің садақаларыңмен жалақысын төлейді. Қалай Алладан қорықпайды. Ар жақтағы аумағын көрсең, 1 гектар жерді қоршап алған ғой», — деді бейтаныс ер адам.