«Түн жарымда бөтен еркек жүр»: Атыраудағы «Шаңырақ» балалар үйінде бірнеше заңбұзушылықтар анықталған
Атырау қаласының «Шаңырақ» балалар үйінде тексеріс барысында бірнеше олқылықтар анықталды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Elitar.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды.
Қоғам белсенділері қыздар бөлмесіндегі бейнебақылау камерасының кадрларын жариялады. Сол кезде қыздармен бірге дастархан басында отырып, олармен сөйлесіп отырған ер адам байқалды. Қоғам қайраткерлерінің айтуынша, әлеуметтік мекемедегі қызметкерлер бұл адамның кім екенін айта алмады.
«Әкімдікте болғада, видеода кім болғанын сұрадық. Динара Болатқызы бұл ұлттық қауіпсіздік комитетінің адамы деп жауап берді. Бұл не қылған комитет? Мен бұған сенбеймін. Түн жарымда жабық нысанға кіруге бола ма? Бұл кісі бірінші рет келіп тұрмаған сияқты, өз үйіндегідей аяғын көтеріп отыр. Мен ол жерде кішкентай қызға оның қолын тигізгенін өз көзіммен көрдім, бірақ сол сәтті түсіріп үлгермедім!!!», – деп жазды қоғам белсендісі Рүстем Баязиев.
Балалар үйінде Атырау қаласының балалар омбудсмені Динара Закиева да болды. Оның айтуынша, оқушылар арасында анонимді сауалнама жүргізілді.
”Нәтижесінде бірнеше бұзушылықтар анықталды. Екі тәрбиешінің қол көтергені, балалар көп уақытын ас үйде өткізетіні, тәрбиеленушілер арасындағы қақтығыстар мен кикілжіңдер, үйде бір ересек адамның жүретіні және басқа да бұзушылықтар бар», – деді омбудсмен.
Тексеру және одан әрі шаралар қабылдау үшін ақпарат облыс әкімінің орынбасарына беріліп, прокуратураға жіберілді.
Осыған дейін Атырауда “Шаңырақ” отбасы үлгісіндегі балалар үйінде тәрбиеленушісі мекемеде болатын қысым туралы айтып, әділдік орнатуды сұраған еді. Кейін мұнда балаларды әжетхана суын ішуге мәжбүрлейтіні айтылды.