«Түнде шығарып аламыз»: Гүлзира Айдарбекова қамаудағы ұлымен қауышатынын айтты
Ұшақта төбелесіп, 15 күнге қамалған Қайрат Нұртастың қашан бостандыққа шығатыны белгілі болды. Бұл туралы Altyn-orda.kz Stan.kz ақпарат агенттігіне сілтеме жасай отырып хабарлайды.
Гүлзира Айдарбекова әлеуметтік желідегі парақшасына Қайрат Нұртастың балаларымен болған хат алмасуын жариялаған. Немересіне әкесін «Ертең түнде шығарып аламыз» деп жазған.
“Сезім мен Алау қыздарым, папаларын уайымдап, “апа біз папамызды қатты-қатты жақсы көреміз” деп хабарласып әлек. Алла бұйыртса әні-міні деп, сағат санап отырмыз. Бала-шағасына не десе де, жоқ деп айтып көрген кезі болмаған. Қашанда армандарын орындау – бар мақсаты. Кім қай жақты қалады бірі Барселонаға, бірі Кореяға, бірі Америкаға бәрінің арманын орындап, түгел білгендей төлемдерін жасап кетті. Ана жақта отырса да, не сұраса да салып отырсыншы деп бала-шағам қиналып қалмасын деп адвокаты арқылы жеткізіп, уайымдаумен отырды. Бір жаққа барамын не аламын десе, менде солай жоқ деп айта алмаушы едім бала-шағама. Алла сол пейіліне беріп жатқан шығар деп қоямын кейде. Жүрегімізден мейірім кетпесін», – деп жазды ол.
Айта кетейік, Қайрат Нұртастың анасы қамауға алынған күннен бастап күн сайын желіде баласы туралы түрлі фото-видео салып отырды.
«Қайрат маған кейде, түнімен ұйықтамай уайымдап отырған мені көріп, “анашым мені қатты жақсы көрмеңізші” дейтін. Қашанда түзде жүрген соң уайымсыз күнім болмайды ғой. Бірақ та жүрегіңе Алланы салып, сол Аллаға амандығын тапсыруымыз керек екенін біліп тұрып, қатты жақсы көретінімізді байқамай қаламыз. Ана баласын қатты жақсы көрсе сол баласымен сынайды, ал ұл-қыздарың өмірлік жарын қатты жақсы көрсе, сүйіктісімен сынайды деген. Қандай сынақ берсе де жеңілдігімен берсін деп тілейік! Алла бұйыртса құлынымның құлыншақтары шексіз қуанатын күндері көп болсын!», – деп жазды Гүлзира Айдарбекова.
Фото: https://www.instagram.com/gulziraaidarbekova/
Еске салайық, ұлы туралы үнемі контент сала берген продюсерге оқырмандары ұрысқанын жазған едік.